Шымкентке жұмыс сапарымен ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева келді. Жергілікті тұрғындармен кездесіп, әлеуметтік, ақпараттандыру салаларындағы өзекті мәселелерді талқылады. Азаматтардан туындаған сауалдарға жауап беріп, министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Блогерлердің табыс салығы, сондай-ақ жалған ақпарат таратқандарға қатысты айыппұл салу да осы жиында қозғалды.


 Елдегі ақпарат айдыны соңғы уақытта талан-тараж кейіпке енді. Жасыратыны жоқ, өзін блогер деп танып, жұртты бопсалап, сотты болып жатқандар да жоқ емес. Министр алдымен ақпарат саласын сүзгіден өткіземіз,-деп кесіп айтты.


АИДА БАЛАЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ

 Осы салардың бәрін ретке келтіру үшін өткен жылы біз 2 заң қабылдадық. Ол масс медия туралы заң. Заман талабы солай болды. 90-жылы қабылданған заңда жаңа технологиялар жоқ болды. Онлайн жарнама туралы заң. 


Министрге сұрақтар да толастамады. Жергілікті тұрғындар мәдени нысандардың халін айтты. Енді бірі қолөнерді патенттеу ісіне көмек беруін сұрады.


 АИДА БАЛАЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ

Креативті индустрия деп жатырмыз. Оған байланысты мынау көптеген өзіміздің ұлттық негізімізден айырылып жатырмыз. Соны ескеруіміз керек.


Жиында сондай-ақ, «Солтүстікке көш» бойынша ұсыныстар айтылды. Қоғам белсенділері аймақтың тынысын кеңінен таныту бойынша ұсыныстарын жеткізді.


ӨМІР ШЫНЫБЕКҰЛЫ, ҰСТАЗ

Осыны қолға алмаса болмайды. Біз көптеген жақсы мәліметтер бар, соларды елге насихаттауымыз керек.


Министрдің айтуынша, бұл бағытта шешімін күткен мәселе көп. Солтүстікке көшіп барып, жерсінбей, қайтып келіп жатқандар да баршылық. Студенттерге арналған «Серпін» бағдарламасы да сергелдеңге салып отыр.


АИДА БАЛАЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ

 Бұл жерде шикілік өте көп, қайта қарау керек. Біз студенттерді сол жерге барып, сол жерге сіңісіп кетеді дегенбіз. Алайда, олар оқуын бітірген соң өз ауылына қайтып кетіп жатыр. Сондықтан бұл мәселе баса мән беруіміз қажет.


Жиыннан соң министр журналистерге арнайы сұқбат берді. «Жастар» бағдарламасымен берілген баспаналардың дауына пікір білдірді.


АИДА БАЛАЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ

 Баспаналарды жекешелендіріп бер деп, олардың мынау түрлі митингке шығуы мен айтар ем, негізсіз. Ол заңды түрде бастапқы келісімшартта көрсетілмеген.


 Көпшілік арасында қызу пікірталас тудырған «Қалаулым», «Қосылайық» сынды бағдарламалар жабылмайды. Министрдің айтуынша, мұндай жобалар халықтан қолдау тауып отыр. «Көрерменнің сүйіктісіне» айналып, аудиторияны өзіне тартқан телехабарларға шектеу қойылмайды, – деді Балаева. Сонымен қатар жекеменшік телеарналардың жұмысына кедергі келтіру – олардың кәсіпкерлік қызметіне тосқауыл жасаумен тең.