Шымкенттегі бұқаралық ақпарат құралдарының басын біріктіретін ұйымға жаңа төраға сайланды. «Оңтүстік» телеарнасының директоры Саламат Омаш ҚР Журналистер Одағының қалалық филиалына жетекшілік ететін болды. Бұл жауапты қызметке ол әріптестерінің бірауыздан қолдауымен тағайындалды.


Саламат Болатұлы Омаш 1988 жылы Жамбыл облысы, Меркі ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін тәмамдаған. Медиа саласындағы еңбек жолын «31 арнадан» бастаған ол 2014–2022 жылдары «Қазақстан» РТРК-да жетекші тілші, жаңалықтар жүргізушісі және «Басты тақырып» бағдарламасының редактор-жүргізушісі ретінде танылды. Кейін ұлттық арнаның ақпараттық-саяси жобаларын басқарған Саламат Омаш 2023 жылы «Qazaqstan» телеарнасының директоры, артынша Бас продюсері қызметін атқарды. 2024 жылдың 20 мамырынан бастап «Оңтүстік» телеарнасының директоры қызметін атқарып келеді.


Бүгінде Шымкент қаласында 100-ден астам мерзімді басылым, 50-ден аса интернет ресурс, 1 радио және 5 телеарна жұмыс істейді. Ақпарат кеңістігінде шынайылық пен жеделдік – журналистер үшін басты ұстаным.