«Көксай» шағынауданын жаңғырту жұмыстарына алаяқтар кедергі келтіріп жатыр. Тұрғындардың сенімін пайдаланып, заңсыз әрекет жасаған азаматтар анықталды. Тіпті кейбіреулері үй алу үшін ақша сұраған жағдайлар да кездескен.
Көксай шағынауданындағы көпқабатты үйлерді сүру жұмыстары өткен жылы басталды. Баспанасы апатты деп танылған тұрғындарға реновация бағдарламасы бойынша жаңа пәтерлер берілді.
ШАХРИЗАДА ӘБІЛДАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Кең, жайлы үй берген. Рахмет. Дәл өзіміздегі шаршы аумақпен сәйкес келеді.
Мамандар алаяқтардың ұрымтал сәтті пайдаланып, реновацияны өз пайдасына шешуге тырысатындарын ескертуде. Кейбіреулер 1 бөлмелі пәтердің шаршы аумағын арттырамын деп тұрғындарды сендіргісі келеді. Сондықтан тұрғындарға тек ресми дереккөздер мен әкімдік мамандарына сенуге кеңес беріледі.
РУСЛАН СЕРІКБАЕВ, SHYMKENT ӘКҚ АҚ БАСҚАРМА ТӨРҒАСЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ
Бағдарламаны жүзеге асыру барысында кейбір әрекеттер орын алып жатыр. Тұрғындар өздерінің бір бөлмелі үйлерін 3-4-5 бөлмелі еткісі келеді. Бірақ бұл тек қиялдағы әрекет, ешқандай негіз жоқ.
Қала әкімдігі үй беру үшін ешкімнен ақша алмайды. Жоба іске қосылған сәттен бері 8 тұрғын үйдегі 76 отбасы жаңа үйіне қоныс аударды. Бағдарлама тек тұрғындардың келісімімен жүзеге асады.