Шымкент қалалық перзентханасында жаңа туған нәрестелерге шұғыл хирургиялық көмек көрсететін неонаталдық хирургия бөлімшесі ашылды. Мұнда сәбилердегі туа біткен ақаулар мен кемістіктер хирургиялық жолмен емделеді.


Бөлімшенің мақсаты – жатырдағы патологияларды дер кезінде түзеп, сәбидің өмірін сақтап, болашақтағы денсаулығын жақсарту. Негізгі бағыттары: туа біткен аномалияларды емдеу, жаңа туған және шала туған нәрестелерге көмек көрсету, кешенді тәсіл мен гуманизацияланған күтім. Енді мамандар ауыр дертке шалдыққан сәбилерге өмірінің алғашқы күндерінде-ақ перзентхана ішінде шұғыл көмек көрсете алады. Бөлімше озық үлгідегі қондырғылармен жабдықталған және тәжірибелі мамандардан құралған штат жұмыс істейді. Жаңа ота столында дәрігерлер қазірге дейін 7 нәрестенің өміріне араша түсті.