Құрылысы бітпей жатып бұзылды. А-2 Алматы тас жолының бірнеше бөлігі ауыр жүк көліктерінің салмағын көтере алмады. Екі жыл бұрын қолданысқа берілген жолдың асфальты езіліп, ойықтар пайда болған. Бұл жеңіл көліктердің еркін қозғалысына кедергі келтіруде. Енді сапасыз салынған жолды кім жөндейді? Мердігердің кепілдік мерзімі қашан аяқталады? Әріптесім баяндайды.
А-2 тас жолының ұзындығы - 28,2 шақырым. Құрылысы 8 кезеңге бөлінген нысанның жартысына асфальт төселіп, қолданысқа берілген. Алайда Төлеметов пен Гагарин көшелерінің аралығында ой-шұқырлар пайда болып, жолдың сапасына қатысты тұрғындар наразы.
– Мынау балқып кеткен, машинаның асты тиіп жатыр.
– Жолдың жайын өзіңіз де көріп тұрсыз.
– Ауыр жүк көліктері езіп тастайды, ямалар көп.
Жол сапасын тексерген ұлттық орталық мамандары да кемшіліктерді растады.
СПИКЕР: ЕРМЕК НАМАЗОВ, «ЖОЛ АКТИВТЕРІ САПАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» РМК ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ЗЕРТХАНА МЕҢГЕРУШІСІ
Колея шығуының бірнеше себебі бар. Бірі – ауыр жүк көліктері, екіншісі – күннің қатты ысуы. Құрамында талапқа сай келмеген материалдар болды. Кей бөлігі қайта ауыстырылды.
Ал қала кіреберістерінде жүк көліктеріне арналған таразылар қойылмақ. Бұл жолды артық салмақтан қорғауға мүмкіндік береді.
НҰРБОЛ ҚОЖАБЕКОВ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
Жүк көліктері нормадан артығымен жүріп жатыр. Осыған байланысты таразылар орнатылып жатыр. Мердігер мекемеге кепілдік мерзімі бойынша талап қойылды.
Ережеге сай бұл тас жолда тек 13 тоннаға дейінгі жүк көліктері жүруі тиіс. Алайда сырттан кіретін ауыр техниканың бақылаусыз өтуі жолдың тез бұзылуына себеп болып отыр.