Мәдениет пен тәртіп ең әуелі мемлекеттік қызметтен басталуы тиіс. Шымкенттік айтыскер ақын Біржан Байтуов қала әкімдігіндегі жиында кейбір шенеуніктердің жоғарыға жарамсақтанып, төмендегіні елемейтін әдетін сынға алды. Бұл пікірді қала әкімі де қолдады.
Президент Жолдауында экономикалық, әлеуметтік және технологиялық дамудың жеті басым бағыты айқындалды. Жасанды интеллектіні дамыту, инвестиция тарту, жаңа жобаларды іске асыру - ендігі басты міндет.
БАХАДЫР НАРЫМБЕТОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Шымкенттің әлеуеті жоғары. 360 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды, бұл былтырдан 31% көп. Дегенмен бұдан да артық мүмкіндігіміз бар: климат қолайлы, еңбек күші белсенді, кәсіпкерлікке бейім халықпыз.
Зиялы қауым Жолдау жаңа серпін беретінін атап өтті. Біржан Байтуов мемлекеттік қызметкерлердің этикасына назар аударуды сұрады.
БІРЖАН БАЙТУОВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕСІ
Ұсақ шенеуніктердің бастық алдында құрдай жорғалап, ал қарапайым халыққа дөрекі мінез көрсетуі қынжылтады. Алдымен заңды сақтап, халыққа үлгі болсын.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Ондайлар әлі де бар. Басшылар халықпен дұрыс сөйлесуі керек. Бұрын анықтама алуға барғанда мен де дөрекілік көрдім. Дұрыс айттыңыздар.
Жиын соңында әкім инвестицияны арттыру, «Smart Shymkent» жобасы аясында пилоттық шешімдерді енгізу, көлік-логистика, білім, денсаулық, әлеуметтік қорғау салаларын дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Президент реформаларының мақсаты - тұрақты жұмыс орындарын ашу, халық табысын көтеріп, тұрмыс сапасын жақсарту. Жолдауды жүзеге асыруға бүкіл қоғам болып атсалысуымыз қажет.
Қала әкімі Жолдаудағы әр міндет ел дамуының бағытын айқындап, тұрғындардың сенімін нығайтатынын айтып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.