Шымкентте автокөліктердің саны жыл сайын 20 пайызға артуда. Қалалық тіркеуде бүгінгі таңда 600 мыңнан астам көлік бар, оған сырттан келетін машиналарды қосыңыз. Күн санап артқан техника жолға сыймай, кептелістің пайда болуына әкеліп отыр. Қала билігі мәселені оңтайландыру мақсатында көшелерді кеңейтіп, балама жолдар салуда.


 НҰРЛАН ПАЙЗОВ, ТІЛШІ

Шұбаркөл көшесінің ұзындығы 3,8 шақырым. Көше Салқам Жәңгір көшесінен бастап, Қазиев көшесіне дейін созылады. Жұмыстар 2026 жылы толық аяқталып, қолданысқа беріледі деп күтілуде. Бұл Арғынбеков пен Төлеметов көшелеріндегі кептелісті азайтуға мүмкіндік береді.


Мамандар қаладағы автокөліктердің санының жыл сайын 20 пайызға өсіп отырғанын айтып дабыл қағып отыр. Қала билігі кептелісті азайту үшін көшелерді кеңейтіп, балама жолдар салуды қолға алған.


НҰРБОЛ ҚОЖАБЕКОВ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ

 Қазір Юсуфов, Изенті, Тамшыбұлақ және Шұбаркөл көшелерінде күрделі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазиев көшесі 60%-ға аяқталған, 600 метр жол жыл соңына дейін аяқталады.


2024 жылы қалада 200 шақырым жол жөнделсе, биыл көрсеткіш 350 шақырымға дейін жетпек. Құрылыс жұмыстарымен оннан аса мердігер мекеме айналысып жатыр.


БЕКСҰЛТАН НАРКОЗИЕВ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ

 Қазіргі таңда Шұбаркөл көшесінде жол тегістеу жұмыстары 90%-ға аяқталды. Инженерлік желілер толық құрылды, суғағарлар орнатылуда. Жоспар бойынша барлық жұмыстар уақытылы жүргізіліп жатыр.


Биыл жол сапасының үлесі 90%-ға жеткізілмек, яғни 706 шақырым жол жөнделеді деп жоспарланған.