Әлемде қаланың қақ  ортасынан бастау алатын өзендер өте сирек кездеседі. Соның бірі Шымкент шаһарынан бастау алатын  –  «Қошқар ата» өзені. Ескі тарихи жазбалардың бәрінде Шымкентті суы мол өңірде орналасқан қала ретінде көрсетеді. Әрине, мұндай тұжырымның Шымкенттің дәл ортасын жарып ағатын Қошқар ата өзініне байланысты айтылғаны белгілі.


Алдымен аңызға үңілсек, Қаратау өңірінде дүниеге келген Қошқарата  XI ғасырда өмір сүрген деседі. Азан шақырып қойған есімі – Қылыш. Төртінші атасы Арқар деген асқан батыр адам болған екен. Сол «сен енді Арқардай бола алмассың, қошқардай бол» деп жанама ат қойыпты. Кішкентайынан алғырлығымен, зеректігімен көзге түседі. Талабын ерте байқаған ата-анасы оны жеті жасында Бұқараға оқуға жібереді.


Оқуда жүргенде Қошқарата ерекше дарынымен, қабілетімен ұстазының көңілінен шығады. Ұстазы оны өзгелерден оқшаулап, ықылас-ілтипатпен қарайды екен. Бұл басқа шәкірттердің ашуын тудырады. Ұстазының қой деген сөзін ұқпай, басқалар оған үнемі тиісіп жүреді. Бір күні ұстаз шәкірттердің бәрін отын алып келуге жұмсайды. Сол кезде Қошқаратаның қасиетіне өзгелер де куә болсын деп өзеннің арғы бетіне жібереді. Сонда ол судың бетімен жүріп өтеді. Табаны судың бетін сырып қана арғы бетке батпай жетеді. Таң-тамаша болған айналасындағы адамдар содан кейін ғана оның қасиетін мойындапты. Қошқарата оқуын аяқтаған соң, Оңтүстік өңірге қайтып оралады. Мешіт, медресе ашады. Халықтың діни сауаттылығын көтеруге атсалысады.Қасиетінің арқасында көптеген бұлақтардың көзін ашып, суландырумен айналысқан деседі.


Кесене Шымкент қаласының орталығында, Қошқар ата өзенінің жоғарғы ағысында, Қабанбай батыр даңғылында орналасқан. Алдымен Ордабасы алаңына жетіп алу қажет, бұл ешқандай қиындық тудырмайды. Қала орталығынан және оның ықшам аудандарынан жүретін көптеген бағыттар бір жағынан көне Шымкент қалашығымен, екінші жағынан елдегі ең ірі Шығыс базарымен (Орталық базар) шектесетін алаң арқылы өтеді. Әрі қарай кесенеге дейін өзенді бойлай жаяу жүру қажет.


Кесене қала орталығында орналасқандықтан кез келген турист қала қонақүйлерінің біріне түней алады. Мұнда талғам мен қаражатқа сай көптеген түрін табуға болады. Мысалы Ордабасы алаңында жайлы аттас қонақ үй бар. Қонақ үйден алысқа ұзамай, түрлі ұлттың тағамдарын ұсынатын дәмханалар өте көп. Бұл жаққа жол түссе Шымкент кәуабы немесе ташкент палауының дәмін көруді ұсынамыз.


Иә, қала ішін бойлай ағып жатқан «Қошқар ата» өзенінің денсаулыққа тигізер пайдасы орасан. Әсіресе буыны ауырып, балтыры сыздағандар мен сүйек, ас қорыту мүшесі мазалағандарға бұлақтың суы  таптырмас ем. Сондықтан болар, бұл жерде жылдың төрт мезгілінде де адам аяғы үзілмейді. Ал жаздың аптап ыстығында ине шаншар бос орын болмайды. Демалыс аймағына кіру ақысыз болғандықтан жас та, кәрі де, бала-шаға да осында. Бұлақтан бастау ағып жатқан мұздай суға түсіп, мәз-мейрам.


Қошқар ата өзенінің суы ерекше химиялық құрамымен танымал. Оның қасиеттері табиғи шипа ретінде бағаланады.
    •    pH: 7.4 (бейтарап орта)
    •    Тотығу: 1.6 мг O2/дм³
    •    Нитраттар азоты: 15.5 мг/дм³
    •    Жалпы кермектік: 6.6 моль/дм³
    •    Құрғақ қалдық: 431.0 мг/дм³
    •    Хлоридтер: 24.8 мг/дм³
    •    Сульфаттар: 52.6 мг/дм³
    •    Фтор: 0.13 мг/дм³
    •    Кальций: 74.0 мг/дм³
    •    Магний: 35.0 мг/дм³
    •    Гидрокарбонат: 341.6 мг/дм³

 Бұл көрсеткіштер судың тазалығы мен шипалы қасиетін айқындайды. Құрамындағы кальций мен магний денсаулыққа пайдалы, ал гидрокарбонаттар ағзаға оң әсер етеді. Қошқар ата өзенінің суы – табиғаттың ерекше сыйы әрі денсаулықты нығайтуға арналған табиғи ресурс. Айта кетейік, судың бір ғажабы – жыл бой температурасы бір қалыпта яғни +11 градус болып сақталып тұрады.


Қошқар ата өзені – қала ортасындағы жер астынан бастау алатын бұлақ суы. Өзен Шымкент қаласы, Әл Фараби ауданының аймағында Темір жол маңынан бастау алады да қаланы бойлай ағып,Бадам өзеніне құяды.


Бүгінде Қошқар ата өзені Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін сүйікті демалыс орнына айналған. Оның жағасында серуендеп, таза ауамен тыныстауға, шипалы суына шомылып, денсаулықты нығайтуға мүмкіндік мол Табиғаттың әсем көрінісі мен өзеннің ерекше тыныштығы бұл жерді отбасылық демалыс пен рухани тынығуға таптырмас мекен етеді.


Қошқар ата – тек демалыс орны емес, денсаулық пен рухани күш-қуаттың қайнар көзі. Бұл қасиетті мекенге келушілердің саны жыл сайын артып, оның маңыздылығы одан әрі артуда. Табиғаттың осы ғажайыбын сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Қошқар ата өзені – ұрпақтан-ұрпаққа жетуі тиіс баға жетпес байлығымыз.