Шымкентте көлік-логистика саласы жаңа даму кезеңіне қадам басты. Мегаполисте алғаш рет осы бағытта маманданған кәсіби кадрлар даярланады. Жаңа оқу бағдарламасы елдің транзиттік әлеуетін арттыруға және тасымал инфрақұрылымын жетілдіруге арналған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмаларын іске асыру аясында әзірленді. М.Тынышбаев атындағы Шымкент ALT көлік колледжінде жаңа мамандық екі бағыт бойынша енгізіледі. Қазіргі таңда колледжде сегіз түрлі кәсіптік бағдар жұмыс істейді.


Басшылықтың айтуынша, соңғы жылдары материалдық-техникалық база жаңартылып, білім беру үдерісі цифрлық форматқа көшірілген. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған аудиториялар, арнайы зертханалар және өндірістік тәжірибеге қажетті құралдармен жабдықталған оқу бөлмелері студенттердің кәсіби машығын шыңдауға мүмкіндік береді. Биыл логистика бағытына мемлекеттік гранттар бөлініп, талапкерлер тегін білім ала алады.


Теміржолдың жылжымалы тартқыш құрамын пайдалану және техникалық қызмет көрсету мамандығында білім алып жүрген үшінші курс студенті Аят Асхатұлы өндірістік тәжірибеден өтіп үлгерген. Оның айтуынша, оқу барысында теория мен тәжірибе қатар жүреді.

Оқу орнында еңбек етіп келе жатқан оқытушы Сәуірбай Әбдібайдың сөзінше, білім беру кеңістігінде жүйелі жаңғырту жүргізілген. Дәрісханалар интерактивті тақталармен жабдықталған. Болашақ жолсеріктерді даярлайтын арнайы сыныптар мен тәжірибелік зертханалар жұмыс істейді.


 Сонымен қатар колледжде цифрлық басқару жүйесі енгізілген. Студенттер сабаққа QR-код арқылы тіркеле алады. Оқу орнында қашықтан оқу мүмкіндігі де қарастырылған. «Бұл жүйе студенттердің сабаққа қатысуын бақылаудың заманауи және ыңғайлы әдісі. Ол қағазбастылықты азайтып, ақпараттың қауіпсіз сақталуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, оқу процесін автоматтандыруға және колледж жұмысын тиімді басқаруға көмектеседі»,-дейді колледж директоры.


Колледж техника мен көлік саласына қызығатын жастарға бағытталған. Мұнда шәкірттер тек теориялық біліммен шектелмей, өндірістік машықты да меңгереді. Оқуды аяқтаған түлектер мемлекеттік үлгідегі диплом алып, еңбек нарығында сұранысқа ие маман атана алады. Шымкентте логистика бағытының ашылуы өңірдің көлік-логистика әлеуетін арттыруға жасалған маңызды қадамның бірі.