Шымкент қаласында төтенше жағдайлардың алдын алу мен тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Қала аумағы ұлғайып, жаңа тұрғын аудандар көбейген сайын жедел қызметтердің қолжетімділігі мен әрекет ету жылдамдығын арттыру басты міндеттердің біріне айналды. Осы бағытта Төтенше жағдайлар министрлігінің басшылығымен, әкімдіктің қолдауымен Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан жаңа бөлімшелер ашылып, қолданыстағы нысандар жаңартылып, заманауи басқару жүйелері енгізілуде. Соның ішінде қала қауіпсіздігі үшін маңызды жаңалықтардың бірі — жедел қызметтердің әмбебап кешендерінің іске қосылуы.


 Елтай, Таскен және Сәуле шағын аудандарында пайдалануға берілген әмбебап жедел қызмет кешендері — еліміздегі алғашқы үлгідегі нысандар. Бұл кешендерде өрт сөндірушілер, полиция және жедел жәрдем қызметі бір аумақта орналасып, кез келген төтенше жағдай кезінде бірлесе әрекет ету мүмкіндігіне ие болды. Нысандардың іске қосылуы шалғай орналасқан тұрғын алаптардағы қауіпсіздік деңгейін арттырып, шақыртуға жету уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік берді.


Заманауи үлгіде салынған кешендерде қызметтік бөлмелер, оқу кабинеттері, газ-түтіннен қорғау қызметінің бекеттері, спорт алаңдары мен оқу мұнаралары қарастырылған. Мұнда бір мезетте бірнеше жедел қызмет өзара үйлесімді жұмыс жүргізе алады. Мамандардың айтуынша, мұндай модель алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлеріне де енгізілуі мүмкін. Қала аумағында бұдан бөлек те қауіпсіздік инфрақұрылымы жаңартылып жатыр. Сайрам тұрғын алабында бес тұрғын алаптың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін №6 өрт сөндіру бөліміне арналған заманауи өрт сөндіру депосының ашылуы – халық қауіпсіздігін арттыру жолындағы маңызды қадам болды. Сондай-ақ Достық шағын ауданындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ғимарат пен техникалық база жаңартылды. Қызметкерлерге қолайлы жағдай жасалып, бөлімшенің мүмкіндігі кеңейді.  Жеке орналасқан зерттеу өрт-сынақ зертханасының жаңа ғимараты да осындай бейіндегі алғашқы нысандардың бірі.


Тұран ауданында жаңа өрт сөндіру депосының құрылысы жүріп жатыр. Бұл бөлімше іске қосылғаннан кейін қаланың қарқынды дамып жатқан бөлігінде төтенше жағдайларға әрекет ету уақыты тағы да қысқарады.


Жедел басқару жүйесінде де жаңашыл тәсілдер енгізілген. Бейнебақылау жүйелері мен ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы қауіп-қатерді ерте анықтау мүмкіндігі артты. Бұл апат пен өрт жағдайында уақыт жоғалтпай әрекет етуге мүмкіндік береді.  Жаңадан алынған командалық-штабтық автокөлік – төтенше жағдай кезінде жедел әрі тұрақты байланыс орнатуды қамтамасыз ететін заманауи әрі таптырмас техника.


 Өрт сөндіру бөлімдері жаңа техникамен, заманауи қорғаныш киімдерімен, байланыс құралдарымен және газ-түтіннен қорғау аппараттарымен толықтырылып, құтқарушылардың қауіпсіз әрі тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасалды. Сонымен қатар Бадам өзені бойында жағалауды нығайту жұмыстары жүргізіліп, су тасқыны қаупінің алдын алу шаралары күшейтілуде. Арнайы техникалар мен құрал-жабдықтарды сақтау үшін ангар типтес қоймалар пайдалануға берілді. Шымкент қаласының авиациялық паркі, ҚР ТЖМ-нің  L-410NG ұшағымен толықтырылды. Сала ардагерлері мен  қызметкерлеріне медициналық қызмет көрсету мүмкіндіктері кеңейіп, емхана ашылды. Қамқор бағдарламасы аясында 30 қызмткер тұрғын үймен қамтамасыз етілді.


Қала аумағында қауіпсіздік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Жаңа бекеттер ашу, техниканы жаңарту және жедел қызметтердің жұмыс тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Тұрғындардың қауіпсіздігі — әрдайым басты назарда.