«Даңқ» мемориалдық ескерткіштер кешені аумағында Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында ауқымды тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Қала тұрғындары үшін қастерлі орын саналатын мемориалдық кешенде өткен сенбілікке Тұран аудандық әкімдігіне қарасты коммуналдық мекеме қызметкерлері, қалалық Жастар ресурстық орталығының белсенді жастары мен еріктілер қатысты. Игі істің басынан «AMANAT» партиясының мүшелері де табылды.
Тазалық шарасы барысында ескерткіш аумағы толықтай ретке келтіріліп, «Мәңгілік алау» маңы, соғыс ардагерлерінің есімдері қашалып жазылған мәрмәр тақталар орналасқан алаң, жаяу жүргіншілер жолы мен жасыл желек аумақтары тазартылды. Тазалық жұмыстарына қатысушылар қураған бұталарды шауып, айналаны күл-қоқыстан тазартып қана қоймай, тарихи орынның келбетін сақтауға ерекше мән берді. Мәрмәр тақталардың бетін жуып, шаңын сүртіп шықты.
ЕРБОЛ БАЙҚОНЫСОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
9 мамыр – Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған «Өткенге салауат» акциясы өтіп жатыр. Соғысқа қатысқан азаматтардың есімдері жазылған тақтайшаларды тазалап жатырмыз.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараның негізгі мақсаты – Жеңіс күні қарсаңында майдангерлер рухына тағзым етіп, кейінгі ұрпаққа тарихи жадының маңызын насихаттау. Әсіресе жастардың белсенді қатысуы олардың патриоттық тәрбиесіне оң ықпал етіп, ел тарихына деген құрметін арттыра түседі.
Қазіргі сәтте Шымкент жастары ерікті болып тазалық акциясына қатысып жатырмыз. Және де алдағы уақытта осындай шараларға белсенді қатысқымыз келеді.
Айта кету керек, «Даңқ» мемориалдық ескерткіштер кешені Шымкентте 2010 жылы бой көтерді. Шымкент қаласы мен қазіргі Түркістан облысындағы аудандық әскери комиссариаттардан майданға аттанған 145 мыңнан астам жауынгердің есімі қашалып жазылған. Жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында мұнда майдангерлердің ұрпақтары, туған-туыстары мен қала тұрғындары келіп, боздақтарды еске алып, гүл шоқтарын қояды.