Мегаполистегі тарихи нысандар абаттандырылып, туристік тартымдылығы артуда. Қонақтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында QR-маршрут жүйесі және жасанды интеллектке негізделген онлайн гид жобасы іске асырылуда. Салада атқарылған жұмыстарды Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы БАҚ өкілдеріне мәлімдеді.


 Брифинг барысында қаладағы орналастыру орындарының дамуы, тарихи-мәдени нысандарды абаттандыру, цифрлық туристік жобалар және жаңа инфрақұрылымдық бастамалар таныстырылды. Атап айтқанда, биыл қалада 4 жаңа қонақ үй ашылып, 9 қонақ үйдің құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда қалада жалпы 162 орналастыру орны туристерге қызмет көрсетеді.


БЕКСҰЛТАН ӘДІЛХАНОВ, ТУРИЗМ, СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫСТАР ЖӘНЕ КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
 Барлық көрсеткіш бойынша оң өсім байқалады. Орналастыру орындары 11 пайызға, бөлме саны 19,4 пайызға, төсек-орын саны 26 пайызға өскен. Келген туристер саны 8,3 пайызға артты.


Тарихи-мәдени туризмді дамыту бағытында Сайрам ауданындағы Ибрагим ата, Қарашаш ана кесенелері мен Хызыр мұнарасы абаттандырылып, инженерлік және санитарлық инфрақұрылым жаңартылды. Алдағы уақытта Мірәлі баб, Әбділ Әзіз баб және Қожа Салық нысандарында абаттандыру жұмыстары жалғасады.


 БЕКСҰЛТАН ӘДІЛХАНОВ, ТУРИЗМ, СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫСТАР ЖӘНЕ КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Сонымен қатар 5 туристік нысанға төлқұжат орнатылып, турникеттер қойылды. Туристік маршруттар цифрландырудан өтті.


Цифрлық туризмді дамыту шеңберінде QR-маршрут жүйесі және жасанды интеллектке негізделген онлайн гид жобасы іске асырылуда. Бұл жобалар туристерге қаланың көрікті жерлері туралы жедел ақпарат алуға және ыңғайлы маршрут құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар этноауыл аумағын жаңғырту, «Omir Shymkent» жобасын іске асыру, гастроорталық пен падел орталығын салу сияқты жаңа туристік нысандарды дамыту жоспарлануда.