Кәдімгі қоқысты кәсіпке айналдырған азамат. Түркістан облысы Сайрам ауданының тұрғыны Владислав Голярко тұрмыстық қалдықтарды шикізат ретінде қабылдайтын цех ашқан. Болашақта одан құрылыс материалдарын шығаруды да көздеп отыр. Бұл, біріншіден, қоқысты сұрыптап, кәдеге жаратуға мүмкіндік берсе, екіншіден, айналаны қалдықтан тазартуға сеп болады.


Владислав Голярко тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауды өз ауласынан бастаған. Ол Ғаламдық қоршаған ортаны қорғау қоры мен БҰҰ Даму бағдарламасынан грант алған. Соның есебінен ауласына үлкен контейнерлер орнатылған.


 ВЛАДИСЛАВ ГОЛЯРКО, КӘСІПКЕР
Біздің кәсіпорын 5–6 гранттың нәтижесі деп айтуға болады. Мысалы, бір грант арқылы көлік алдық. Екінші грантқа жабдықтар алынды, үшіншісіне контейнерлер орнаттық. Қазір жақсы жұмыс істеп тұрған цех бар. Өңдеуге жарайтын материалдарды қабылдаймыз. Оларды осында сұрыптап, қайта өңдеу зауыттарына өткіземіз.


 Серіктестік қайта өңдеуге келетін қалдықтарды қабылдайды. Атап айтқанда, қағаз бен шыны өнімдер алынады. Олар сығымдалып, зауыттарға жөнелтіледі. Болашақта қоқысты терең өңдеп, құрылыс материалдарын шығару жоспарда бар. Қазір кәсіпорында ауылдың 12 тұрғыны жұмыс істейді. Олардың еңбекақысын мемлекет төлейді.


 ВЛАДИСЛАВ ДМИТРИЕНКО, ЖҰМЫСШЫ
Біз мұнда қайта өңдеуге келетін қалдықтарды қабылдап, сұрыптаймыз. Жеке азаматтар да пластик бөтелкелер мен макулатура әкеліп тапсырады. Біз оларға ақы төлейміз. Бұл екі жаққа да тиімді. Осылайша қоршаған ортаны қоқыстан тазартуға үлес қосамыз.


 Кәсіпорын дүкендер, дәмханалар және білім беру мекемелерінің маңына жәшіктер орнатқан. Бұл тұрғындардың қалдық тастау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Кейде үлкен өзгерістер осындай шағын қадамдардан басталады. Елімізде миллиардтаған тонна қоқыс үйілген полигондар бар. Соның тек 20–25 пайызы ғана қайта өңделеді. Бұл бағытта Владислав Голярконың да үлесі зор.