Шымкентте күннің көзі ерте жылып, шомылу маусымы да әдеттегіден ерте басталды. Қазір өзен-көл жағасына келгендер көп. Сая іздегендер қала іргесіндегі су қоймаларына ағылып жатыр. Аптап ыстыққа төзбей, өзен жағалаған тұрғындарға мамандар ескерту жұмыстарын күшейтті.
Оңтүстікте күн күрт ысиды. Термометр бағаны 30 градусқа дейін көтеріліп, аптаптың ерте келгенін аңғартты. Сая іздеген тұрғындар қала ішіндегі Қошқарата өзеніне ағылуда.
Шомылу маусымы ресми түрде ашылмаса да, жазатайым оқиғалардың алдын алу жұмыстары күшейтілген. Беті тынық көрінген бұл айдындардың терең тұсын болжау қиын. Сондықтан сүңгуірлер су түбіне барлау жасап, қауіптің жоқтығына көз жеткізуде. Алайда демалушыларға белгіленген аумақтан аспай, абай болу ескертіледі. Қала аумағында шомылуға рұқсат етілген үш су айдыны бар. Ал өзге орындар талапқа сай емес, адам өміріне қауіпті деп танылған. Сондықтан сала мамандары қайғылы жағдайдың алдын алу үшін тыйым салынған жерлерге ескерту тақтайшаларын орнатып қойған.
АСҚАР ШӘРІП, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД РЕСМИ ӨКІЛІ
Биыл 13-ке жуық тыйым салынған орын бар. Олардың санын 30-ға дейін арттыру жұмыстары жүргізілуде. Егер рұқсат етілмеген жерлерде шомылып жатқаны туралы фактілер анықталса, ол орындарға міндетті түрде Полиция департаменті мен біздің департамент қызметкерлері барып, тиісті шара қабылдайды.
Былтыр шомылу маусымында екі адам суға кеткен. Қайғылы оқиғалар шомылуға тыйым салынған жерлерде тіркелген. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін биыл қауіпті учаскелерге бейнебақылау камераларын орнату мәселесі қаралып жатыр.