Түркістан қаласында «Ұлттың ұлылығы – ұрпағының рухани биіктігі» атты қалалық танымдық-шығармашылық байқау жоғары деңгейде өтті. Іс-шара қалалық мәдениет үйінде Түркістан қаласы әкімдігі, қалалық ардагерлер кеңесі және «Түркістан» көпсалалы жоғары медицина колледжінің ұйымдастыруымен өтті.


Аталған байқау сондай-ақ Түркістан қаласының «Құрметті азаматы», ардагерлер ұйымының мүшесі, қоғам қайраткері Жақсыбек Бейсеновтің 90 жылдық мерейтойына арналды.


Байқауға қала мектептері мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқытушылары қатысып, өзара бақ сынасты. Жалпы, он шақты команда қатысып, шығармашылықтары мен білімдерін ортаға салды. Байқаудың басты мақсаты – жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, тарихи санасын жаңғырту және рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру. Себебі ұлттың болашағы – жастар, ал олардың рухани биіктігі – елдің еңсесін көтеретін басты күш.


Шараға қатысқандар тағылымды кештің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, Жақсыбек атамызға алғыс білдіріліп, арнайы сый-сияпат табысталды. Осындай тағылымды шаралар жас ұрпақтың рухани дамуына серпін беріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге өз үлесін қоса беретіні сөзсіз.