Ақпан айында көпшілік талқысына ұсынылған жаңа Ата Заң жобасы наурыздың 15-інде өткен республикалық референдумда халық қолдауына ие болды. Нәтижесінде Конституцияның 9 бөлімі мен 77 бабына түзетулер енгізілді. Жаңашылдықтар құжаттың 84 пайызын қамтиды. Бұл – ел азаматтарының ұсыныс-пікірлері негізінде жасалған маңызды қадам.
Конституцияға енгізілген өзгерістер билік жүйесін жетілдіріп, елдің одан әрі дамуына серпін беруді көздейді. Заң жобасы 10 мыңнан астам ұсыныс негізінде әзірленген. Яғни бұл – халықтың таңдауы. Осы бағытта медицина академиясының қызметкерлері арасында арнайы кездесу өтіп, сала мамандары өзара пікір алмасты. Заңгер маман баяндама жасап, көкейдегі сауалдарға жауап берді.
ГҮЗӘЛ ӘБДІРАХМАНОВА, ҚАЛАЛЫҚ ЗАҢГЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ МҮШЕСІ
– «Конституция Ата Заң болғандықтан оны әрбір азамат білуі тиіс деп ойлаймын.» «Онда қазақы ұғымдар мен құндылықтар кеңінен көрініс тапқан.»
Жаңа құжат 11 бөлім, 96 баптан тұрады. Оның 30-ға жуығы адам құқықтары мен бостандықтарына арналған. Сонымен қатар Қазақстанның егемендігі, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы басты құндылық ретінде айқындалған. Мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде адами капиталды дамыту, ғылым мен инновацияға басымдық беру көзделген.
НАУРЫЗ СҮГІРАЛИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНА ҚАРАСТЫ ДЕСПЕТЧЕРЛІК ҚЫЗМЕТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
– «Жаңа Конституция қоғамның дамуына оң әсер етеді деп сенеміз.» «Әсіресе Құрылтай институты арқылы заңдар жедел әрі сапалы қабылданады деп күтеміз.»
Құжатта заман талабына сай жаңа нормалар да қамтылған. Атап айтқанда, азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғау, дін мен мемлекеттің ара-жігін айқындау мәселелері нақты көрсетілген. Сондай-ақ адвокаттық қызметке қатысты жеке бап алғаш рет енгізілді. Дөңгелек үстелде студенттер мен оқытушылар да белсенділік танытып, өз ойларын ортаға салды. Жаңа Ата Заң – ел дамуының жаңа кезеңіне бастар маңызды құжат екені атап өтілді.