Төле би ауданында Мұхтар Мүтәліпұлын еске алуға арналған футбол турнирі өтті. Елім десе етегі жасқа толып, қазақ десе қабырғасы қайысқан қайсар азамат саналы ғұмырын халық игілігіне жұмсаған. 1986 жылы Желтоқсанда алаңға шығып, елдің егемендігі жолында күрескен.


Мұхтар Тастанов – бас пайдасынан ел мүддесін биік қойған азамат. Көз көрген құрбы-құрдас, дос-жаран осы пікірде. Ұзақ жылдар ветеринар дәрігер болып қызмет атқарған ол 1998 жылы жеке зоотехникалық дәріханасын ашады. Кейіннен кәсібін кеңейтіп, Үндістан, Египет, Ресей, Украинадағы әріптестерімен байланыс орнатады. Халықты ауыл шаруашылығына қажетті өнімдермен қамтып, Шымкент, Алматы, Тараз қалаларында дәріханалар желісін іске қосады.


 ОШАҚБАЙСЕРІК МҮТӘЛІП, М. МҰХТАРДЫҢ ҰЛЫ
Әкеміз сабырлы, ақылды, парасатты азамат еді. Жаны жайсаң, мейірімді, бауырларына қол ұшын созуға дайын тұратын кісі болатын.


 Өмірдің ащысы мен тұщысын қатар татып, еңбек майданында шыңдалған азамат қашан да халыққа пайдалы болуды көздеді. Тыңдай алғанның танымын ашып, көре алғанның көзқарасын кеңейткен тұлға бекершіл бөспелік пен жақтаусыз жағымпаздықтан ада, адал өмір сүрді. Ауылдастардың айтуынша, бір кездері жекенің қолына өтіп кетуі мүмкін аумақты заңдастырып, спорт алаңын ашуға атсалысқан.


СӘБИРА БОТАБАЕВА, М. МҰХТАРДЫҢ ЖҰБАЙЫ
Елім-жерім деп туған ер деп айтсам, қателеспеймін. Мұндай кез келген ауылда, ауданда жоқ стадионның салынуына Мұхтар көп еңбек сіңірді.


 Мұхтар Тастанов еңбекқорлығы мен қарапайымдылығының арқасында досқа сыйлы, елге құрметті болды. Жолы болмаса жасымады, аты озғанда тасымады. Басына бақ қонып, абыройы асқақтағанда менменсіп, адамдық қасиетін жоғалтқан жоқ. Әріптестері мен достарының пікірінше, ол ар кодексіне арқа сүйеп, қашан да әділдікті ту етті.


 ТӨРЕГЕЛДІ ҚАЛМҰРАТОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ, М. МҰХТАРДЫҢ ДОСЫ
Колхоз, совхоз тарап жатқанда елдің қамын ойлап, игі істерге мұрындық болды. Бау ектірді.


Еске алу турниріне 12 футбол ұжымы қатысып, бақ сынасты. Ұрпақтары Мұхтар Тастановтың құрметіне елге ас беріп, құран бағыштады.