Шымкентте менталды арифметикадан халықаралық турнир өтті. «Лидер» инновациялық мектебінде ұйымдастырылған жарысқа 5 пен 15 жас аралығындағы оқушылар визуалды есеп шығарудан бақ сынады. Бұл сайыс балалардың есептеу жылдамдығын, зейінін және есте сақтау қабілетін арттыруды мақсат етеді.
Менталды есептеу әдісі алғаш рет Азия елдерінде 1993 жылдан бері қолданылып келеді. Есептеудің бұл тәсілі баланы барынша тез әрі сауатты есептеуге дағдыландырады. «Лидер» инновациялық мектебінде өткен турнирде оқушылар бір және екі таңбалы сандарды жылдам есептеп, бақ сынады. Жеткіншектер менталды арифметиканың оқу үлгерімін жақсартуға ықпал етіп жатқанын айтады.
РАЯНА АЛДИЯРҚЫЗЫ, ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ
Менталды арифметика менің ойлау жылдамдығымды арттырды және есте сақтау қабілетім жақсарды. Мен осы Жанар апайыма алғысымды айтамын.
КӨЗАЙЫМ ДАНИЯРҚЫЗЫ, ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ
Менталды арифметика маған жылдам ойлауды және зейінді болуды үйретеді. Осындай жарыстар бізге тәжірибе беріп, өзімізді шыңдауға көмектеседі. Бүгін мен бар күшімді салып, жеңіске ұмтыламын. Ұлданай ұстазыма рахметімді айтамын.
Ерекше методикаға негізделген ойша есеп жарысы 1 мамыр – Халықаралық бірлік күніне орай ұйымдастырылды. Турнирге Шымкент қаласынан өзге Шардара, Түркістан, Жамбыл, Түлкібас өңірлерінен де қатысушылар келген. Сондай-ақ Өзбекстан елінің мектептерінен оқушылар келіп қатысты. Турнирде жалпы 300 оқушы кіл мықтыны анықтады.
МАРЖОНА ЕРКИНОВА, ҰСТАЗ /ӨЗБЕКСТАН/
Бүгінгі жарысқа Өзбекстанның Ташкент, Әндіжан және Наманган қалаларындағы мектептерден оқушылар алып келдік. Жалпы үш мектептен 30 оқушы қатысуда. Барлығы бұл жарысқа жоғары деңгейде дайындалып келді. Сондықтан жүлделі орын алуға ниеттіміз.
НҰРЖІГІТ МӘЛІБЕКОВ, ЛИДЕР ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЛИЦЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Бүгін біздің Leader Innovation мектебі базасында халықаралық менталды арифметика турнирі өтіп жатыр. Әр елден келген дарынды балалардың басын қосқан, білім мен зияткерлік қабілеттерді дамытуға бағытталған маңызды іс-шара. Ұйымдастырушы ретінде біздің басты мақсатымыз – балалардың ойлау қабілетін, зейінін және жылдам шешім қабылдау дағдыларын дамытуға мүмкіндік жасау. Осындай жарыстар балалардың өзіне деген сенімін арттырып, үлкен жетістіктерге жол ашады. Турнирдің Қазақстан халқының бірлігі күніне тұспа-тұс келуі үлкен мәнге ие. Бірлік пен достықтың символы болған бұл күнде халықаралық деңгейдегі жарыс өткізу біз үшін үлкен мақтаныш.
Жарыстың негізгі мақсаты – балалардың шапшаңдығын, зейінін және ми белсенділігін дамыту. Мұндай сайыстар оқушының интеллектуалдық қабілетін арттырып, оларды тез әрі сауатты есептеуге баулиды.