Ас-та төк дәм, әуелеген ән, салтанат пен сән. Мегаполис тұрғындары 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін осылай атап өтті. Орталық саябақта «Бірлік дастарханы» атты ауқымды этномәдени фестиваль өтті. 8 қазандықта ет қайнап, жайылған қамыр 1 тонна тартатын тайқазанға салынды.
Биылғы мерекелік жиын ерекше форматта ұйымдастырылды. Фестиваль барысында этномәдени бірлестіктер өкілдері өз мәдениетін таныстырып қана қоймай, қазақтың ұлттық тағамдарын дайындаудан өзара бақ сынады. Бұл – түрлі этнос өкілдерінің ортақ шаңырақ астындағы бірлігін, мемлекеттік тіл мен салт-дәстүрге деген құрметін көрсететін маңызды бастама.
НАСИБУЛЛА ХАЛИКОВ, АСПАЗ
Ет асып жатырмыз 2 мың адамға. Ет асу фестивалы боп жатыр. Қазақ ұлттық тағамдарын жасап жатырмыз. Тай қуырдақ болып жатыр. Қазы қарта жал жая бар. Мереке жақсы өтуде.
Салтанатты шарада қала әкімі тұрғындарды мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол бұл мерекенің ел үшін маңызы зор екенін атап өтіп, татулық пен тұрақтылықтың арқасында Қазақстанның халықаралық беделі артып келе жатқанын жеткізді. Сондай-ақ шараға келген зиялы қауым өкілдері, қоғам және еңбек ардагерлері, халық қалаулылары ақжарма тілектерін білдірді.
ТАЛҒАТ ЫСҚАҚ, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ
Қаламызда үлкен мереке Орталық саябақта салтанатты шара өтуде. Барша шымкегнттіктерді бүгінгі мерекемен құтықтаймын. Бірлік бар жерде тірлік болады. Ынтымақғымсыз арта берсін.
Саябақтағы фестиваль концерттік бағдарламаға ұласты. Сахнада патриоттық, туған жер туралы әндер шырқалды. Шымкент – ежелден сан ұлттың басын қосқан, бірлік пен келісімнің үлгісін көрсетіп келе жатқан шаһар. Бүгінде мегаполисте 50-ден астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, қаланың дамуына үлес қосып келеді.