Қазақстандық жас патриоттар академиясына 10 жыл толды. Осыған орай Астана алаңында «Рухы биік патриот сарбаз – ел қорғаны» тақырыбында академияның VII форумы өтті. Іс-шарада жастардың патриоттық санасын қалыптастыру, тәлім-тәрбие мен Отанға деген сүйіспеншілікті дамыту мәселелері қозғалды.
Қасиет Нұрланқызы – 11-сынып оқушысы. №65 мектеп-гимназиясының белсендісі. Ол академияның 10 жылдығы қарсаңында жас патриоттар қатарына қабылданды. Енді бар білімін академияның дамуына арнауды мақсат етіп отыр.
ҚАСИЕТ НҰРЛАНҚЫЗЫ, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖАС ПАТРИОТТАР АКАДЕМИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ
Жас патриоттар қатарына қабылданғаннан кейін біз еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек етуіміз керек. Тек елге жақсылық әкелуіміз керек. 10 жыл бойы қалыптасқан биік рух бізге болашақта бағдар береді деген сенімдемін.
Қазақстандық жас патриоттар академиясының Шымкенттегі филиалы 2024 жылдың қаңтар айында құрылған. Оған 300-ден аса оқушы мүшелік етеді. Академияның 10 жылдығына арналған іс-шарада тағы 72 бала жас патриот атанды.
ШОЛПАН БЕЙСЕНБАЕВА, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖАС ПАТРИОТТАР АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ФИЛИАЛ БАСШЫСЫ
Қаланың 72 халықаралық және республикалық пән олимпиадасының жеңімпаздары, ғылыми жоба және спортта жетістікке жеткен оқушылар осы академияға қабылданады. Бұл жұмыс жастарды білімге, спортқа бағыттап, Қазақстанның интеллектуалды элитасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазақстандық жас патриоттар академиясы 2016 жылдың 22 ақпанында құрылған. Қазіргі таңда елімізде 8 филиал жұмыс істейді. Оның 3980 мүшесі бар. Форумның ашылуында сөз сөйлеген Тілдаш Битуова академия өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен азаматтық сананы қалыптастыруда маңызды рөл атқарып келе жатқанын айтты.
ТІЛДАШ БИТУОВА, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖАС ПАТРИОТТАР АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Академия оқытушыларының тұжырымдамалық міндеті – балалардың туған жерге деген сүйіспеншілігін мүмкіндігінше ерте ояту, олардың бойында өз елінің лайықты тұлғасы және лайықты азаматы болуына көмектесетін мінез-құлық қасиеттерін қалыптастыру, әскерге деген сүйіспеншілік пен құрмет сезімін қалыптастыру. Патриотизм мемлекеттің өміршеңдігінің моральдық негізі болып табылады және қоғам дамуының маңызды ішкі жұмылдырушы ресурсы, тұлғаның белсенді азаматтық ұстанымы ретінде әрекет етеді.
Форум аясында Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінің оркестрі, мектеп оқушыларынан құралған барабаншылар өнер көрсетті. Әскери колледж курсанттары мен Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы оқушыларының вальсі де көпшілікке ерекше әсер қалдырды.