Шымкентте каратэ шинкиокушинкайдан «SHYMKENT OPEN 2026» республикалық турнирінің салтанатты ашылуы өтті. Байрақты бәсекеге балалар, жасөспірімдер, жастар және қыздар санаттары бойынша еліміздің барлық өңірлері мен республикалық маңызы бар қалалардан 500-ден астам спортшы қатысуда.


Жарысқа қатысушылар татамиде өз шеберліктерін сынға салып, жоғары нәтиже көрсетуге ниетті. Айта кету керек, Шымкент қаласының құрамасы қатысушылар саны бойынша ең ірі командалардың бірі ретінде ерекшеленіп отыр.


ДИДАР АЙДАРБЕК, КАРАТЭ ШИНКИОКУШИНКАЙДАН АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ
Өте керемет өтіп жатыр, атмосферасы күшті. Бір ай көлемінде дайындалдық, үмітіміз ақталуда. Шымкенттен 36-ға жуық спортшы қатысып жатыр. Бұған дейін Сауд Арабиядағы жарыста қола жүлдегер атанғанмын, кейін Ташкентте өткен Азия чемпионатында бірінші орын алдым. Бұл жарыста да жоғары нәтиже көрсетуге ниеттімін.


Аталған жарыс – алдағы уақытта Жапония мен Индонезияда өтетін халықаралық жарыстарға Қазақстан құрамасын іріктеудің маңызды кезеңдерінің бірі. Осы ретте спортшылар үшін бұл бәсекенің маңызы зор. Республикалық каратэ шинкиокушинкай федерациясының бас хатшысы Жанболат Тоқсанбаев елімізде спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.


ЖАНБОЛАТ ТОҚСАНБАЕВ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КАРАТЭ ШИНКИОКУШИНКАЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ
Бұл жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен мықты спортшылар қатысып, өзара бақ сынауда. Федерацияның мақсаты – жас жеткіншектерді спортқа баулу және каратэ шинкиокушинкайды дамыту. Қазіргі таңда әр өңір жоғары дайындықпен келіп, шеберлігін көрсетуде. Жарыс жоғары деңгейде өтуде. Басты мақсатымыз – татамидегі ғана емес, өмірдегі де чемпиондарды тәрбиелеу. Турнир бір күнге жоспарланған, 50 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар анықталады.


 Федерация өкілдерінің мәліметінше, соңғы жылдары өңірлік спорт мектептерінің деңгейі айтарлықтай өсіп, командалардың дайындығы күшейген. Бұл еліміздегі жекпе-жек спорт түрлерінің дамуына серпін беріп отыр. Жалпы, «SHYMKENT OPEN 2026» турнирі – жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға, салауатты өмір салтын насихаттауға және халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын мықты спортшыларды анықтауға бағытталған.