Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласы әкімдігі мен прокуратураның ұйымдастыруымен «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті.
Шараның негізгі мақсаты – азаматтарға тегін құқықтық көмек көрсету, сондай-ақ билік пен халық арасында сенімді, ашық диалог орнату. Акция барысында тұрғындарға әкімдік бөлім басшылары, прокуратура, полиция, әділет органдары, сот өкілдері және кәсіби заңгерлер мен адвокаттар тегін кеңес берді. Тұрғындар өздерін толғандырған құқықтық мәселелер бойынша нақты жауап алып, дұрыс бағыт таңдауға мүмкіндік алды. Мамандар әлеуметтік, тұрғын үй, еңбек, отбасылық және жер қатынастарына қатысты сұрақтарға жауап беріп, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мұндай шаралар азаматтардың құқықтық мәдениетін арттырып, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен халыққа жақындығын күшейтеді. «Халық заңгері» акциясы алдағы уақытта да жалғасып, ел тұрғындарының құқықтық сауатын арттыруға үлес қоса бермек.