Шымкент тұрғыны мас күйде және жүргізуші куәлігінсіз бөтен көлікті айдап кеткен. Полицияға қала тұрғыны автокөлігінің ұрланғаны туралы арыз жазған.
Оқиғаға байланысты "Ұстау" арнайы жоспары енгізіліп, патрульдік полиция экипаждары жедел түрде іске кіріскен. Іздестірілген көлік көп ұзамай қала көшелерінің бірінен анықталып, тоқтатылған. Тексеру барысында көлік тізгінінде арызданушының туысы отырғаны белгілі болған. Ол автокөлікті мас күйде әрі жүргізуші куәлігінсіз басқарған. Сонымен қатар құқық бұзушы полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбаған. Жедел әрі үйлесімді әрекеттің нәтижесінде қауіпті жағдай дер кезінде тоқтатылып, көлік арнайы айып тұрағына қойылды. Аталған дерек бойынша көлік құралын заңсыз иелену фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды.