Мегаполисте жол-көлік апаттары айтарлықтай азайған. Десе де кейбір жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер жол жүріс ережелерін сақтамайды. Жолды белгіленбеген орыннан кесіп өтіп, апатты жағдай туындатады. Көлікте ұялы телефон қолданып, жол қағидаларын бұзатындар тағы бар. Бұл туралы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Ұлықбек Мылтықов мәлімдеді.

ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК , ТІЛШІ
1 шілдеден бастап электрлі самакаттар жаяу жүргіншілер жолағында емес, көлік жолында қозғалады. Бұдан бұлай құрылғының бұл түрі де көлік санатына еніп, оны тізгіндеу үшін жүргізуші куәлігі талап етіледі. Яғни, енді бұл тасымал құралын мектеп оқушылары жүргізе алмайды.

ҰЛЫҚБЕК МЫЛТЫҚОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Электро самокаттар тіркеуден өтеді. Оларға арнайы номерлер беріледі. Тек 18 толған және жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана тізгіндей алады.»

Сондай-ақ электрлі велосипедтерге қойылатын талап та күшейеді. Оны да тек жүргізуші куәлігі бар азаматтар тізгіндейді. Жалпы, Шымкентте өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғасы 3,4 пайызға, салдарынан қаза болғандар 25  пайызға, жарақат алғандар 6,1 азайған. Ол үшін полицейлер жол қозғалысын кірпік қақпай қадағалап, мектептер мен автопарктерде 1700-ге жуық түсіндірме жұмыстарын жүргізген. 300 орынға 430 бейнебақылау жүйесі орнатылған. Десе де көлік жүргізу кезінде ұялы телефон қолданатындар мен жолды белгіленбеген жерден кесіп өтетіндер азаймай тұр.

ҰЛЫҚБЕК МЫЛТЫҚОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Ұялы телефон қолданып жол-көлік оқиғаларына түсетіндер көп. 9 мыңнан аса дерек анықталып отыр.» «Жолды қиып өтетіндер көп. Сондай жол-көлік оқиғалары көп орын алған. 17 мыңнан аса құқықбұзушылық анықталған.»

Ұлықбек Мылтықов жүргізушілерді жол жүріс ережелерін сақтауға шақырды. Ал жаяу жүргіншілерді белгіленген өткелдер мен тратуарлар арқылы жүруге үндеді. Баспасөз отырысы әрі қарай сұрақ-жауап форматына жалғасты. Бас полицейдің орынбасары журналистер жолдаған сауалдарға жеке-дара тоқталып, толыққанды жауап берді.