Енді жемқорлықпен жасанды интеллект күреседі. Ақылды алгоритмдер күмәнді әрекеттерді дер кезінде анықтап, қылмыстың алдын-алады. Бұл Шымшаһарда қабылданған жаңа бағдарламалық құжаттың бір бөлігі ғана. Сарапшылар қатысқан жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тетіктері талқыланып, цифрлық бақылау жүйелерін жетілдіру жайы сөз болды. Жаңа құжатта тағы қандай өзгерістер бар? Тілшіміз тарқатады.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Талқыланған жаңа бағдарламалық құжат 5 негізгі бағыттан тұрады. Ал басты басымдық – жасанды интеллект. Енді мемлекеттік аппараттың әрбір қадамын алдауға көнбейтін ақылды алгоритмдер бақылайды.


ҚАНАТ ҚАДЫРБЕКОВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ШҚ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ
 Биыл Президенттің шешімімен жасанды интеллект жылы деп жарияланды.Біз бұл бағытты сыбайлас жемқорлықпен күрес жолында да қолданбақпыз.Яғни жасанды интеллект қылмыстың алдын-алады.Бүгін бұл бағытты толық талқылаймыз.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Мәселе тек технологияда емес, заңның нақтылығында да болып отыр. Жаңа құжат аясында «тұрмыстық жемқорлық» ұғымын заңнамалық деңгейде айқындау ұсынылды. Бұл – күнделікті өмірде кездесетін «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің жауапкершілігін қатаңдатуға жол ашпақ. Сонымен қатар, квазимемлекеттік сектордағы комплаенс-қызметінің жұмысы қайта қаралып, ішкі бақылау тетіктері күшейтілмек. Сарапшылардың пайымынша, жүйені толық трансформацияламай, жемқорлық мәдениетін түп-тамырымен жою мүмкін емес. Сондықтан алдағы уақытта заңнамалық шектеулер мен құқықтық нормалар заман талабына сай қайта сүзгіден өтпек.


ҚАНАТБЕК ДОСАЛИЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ
Қазір бұл салада үлкен жаңалықтар орын алып жатыр.Жасанды интеллект енгізілмек.Адами фактор азайып, цифрлық технологияға басымдық берілді.Бұл арқылы біз сыбайлас жемқорлықпен түбегейлі күрес жүргізе аламыз.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Жаңа құжаттың түпкі мақсаты – тек бақылауды күшейту ғана емес, мемлекеттік басқарудың мәдениетін түбегейлі жаңарту. Енді барлық шешімдер ашық цифрлық ортада қабылданып, бақылауға алынады.