Бүгін Орталық Азия Инновациялық университетінде желі жұлдызы Нұрдаулет Бектұрсынмен кездесу өтті. «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында ұйымдастырылған жиында білім алушылар блогерге толғандырған сауалдарын жолдап, әңгіме өрбітті.
«Заң мен тәртіп» – қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің берік тірегі. Бұл қағидат әр азаматтың заңға құрметпен қарап, құқықтық мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Жастармен еркін пікір алмасу алаңына айналған жиында қатысушылар блог жүргізу, заң талаптарын сақтау жайлы сауал жолдады. Блогер интернет кеңістігінде құқықтық нормаларды сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
ДІНИСЛАМ ӘЛЖАН, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ КӨМЕКШІСІ
Президентіміз атап өткендей, қазіргі жастар арасында жетістікке оңай жетемін деген теріс пікір қалыптасқан.Осындай елге белгілі тұлғалармен кездесу арқылы олардың ойын өзгертіп, келешекке нық қадам басуына көмектесеміз.
Әлеуметтік желі - еркін пікір алмасу алаңы. Дегенмен, еркіндік жауапкершілікпен қатар жүреді. Жалған ақпарат таратпау, өзгенің қадір-қасиетін қорламау-кез-келген желі қолданушысына қойылатын басты талап.
ДИАС МАРХАБАЙ, СТУДЕНТ
Мұндай шаралар оқу орнымызда жиі өтіп тұрады.Құқықбұзушылықтың алдын-алу бойынша түрлі ақпараттар айтылады.Белгілі тұлғалармен де кездесіп, өзара пікір алмасып тұрамыз.
Прокуратура өкілдерінің айтуынша, «Болашақпен диалог» жобасы аясында мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасады. Негізгі мақсат – жас буынның құқықтық сауаттылығын арттырып, саналы ұрпақ қалыптастыру.