Түркістан облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Іс-шара Түлкібас ауданындағы «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының 100 жылдығына орай қорық аумағында өтті. Акция аясында Қазақстан Республикасы Президентімен телекөпір байланысы орнатылып, облыс әкімі сөз сөйледі.
Бағдарлама басталғалы өңірде 2 миллионнан астам ағаш егіліп, елді мекендердің санитарлық тазалығы үшін 400-ге жуық жаңа техника сатып алынған. Сонымен қатар 11 саябақ, 8 сквер және 4 аллея пайдалануға берілді. «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында 155 бұлақ, 77 өзен тазартылды. Бүгін облыстың барлық аудан, қаласында «Taza Qazaqstan» бағдарламасы аясында ауқымды іс-шара өткізіліп, 20 мың түп ағаш егілді. Іс-шараға 340 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 350 тонна қоқыс шығарылып, 17 мың гектар жер тазарды. Жалпы 2026 жылы 1 миллионнан астам ағаш егу жоспарланып отыр. Жалпы қорық аумағында өткен шараға 2 мыңнан аса адам қатысып, 1000 түп көшет егілді. Айта кетейік, 1926 жылы құрылған «Ақсу-Жабағылы» қорығы – еліміздегі тұңғыш табиғи қорық. Қорық аумағы 131 мың гектардан асады және Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттерімен шекаралас орналасқан. Қорық флорасы мен фаунасы ерекше бай. Мұнда 1300-ден астам өсімдік түрі, соның ішінде сирек кездесетін қызғалдақтар өседі. Сонымен қатар қар барысы, арқар, таутеке, сілеусін, қоңыр аю сияқты сирек жануарлар мекендейді. Ақсу-Жабағылы қорығы тек табиғатты қорғау орны ғана емес, сонымен қатар ғылыми зерттеу жүргізетін маңызды аймақ. Ол ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттар тізіміне енгізілген.