Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Канаданың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кристофер Дагган мырзамен кездесті.
Басқосуда тараптар Қазақстан мен Канада арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, инвестиция тарту, білім беру саласындағы әріптестікті дамыту және мәдени-гуманитарлық алмасуды жандандыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қала әкімі Шымкенттің инвестициялық әлеуетін атап өтіп, өңірде инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалғанын жеткізді. Қала аумағында индустриялық және арнайы экономикалық аймақтар жұмыс істеп тұрғаны, онда инвесторларға дайын инфрақұрылым, түрлі преференциялар ұсынылатыны және жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде жан-жақты сүйемелдеу көрсетілетіні айтылды. Сонымен қатар, тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асыру, екі елдің іскерлік орта өкілдері, білім беру және мәдени мекемелері арасында тікелей байланыстар орнату мәселелерін де қарастырды. Кездесу соңында Шымкент қаласының әкімі Кристофер Дагган мырзаға сапары үшін алғыс білдіріп, оның қалаға деген қызығушылығын жоғары бағалады. Тараптар Қазақстан мен Канада арасындағы әріптестік қатынастардың алдағы уақытта да нығая түсетініне сенім білдірді.