Ақпан айында жаңа ата заң жобасы көпшілік қарауына шығарылған еді.  15-наурыз республикалық референдум өтіп, халық жаңа заң мәтінін мақұлдады. Негізгі өзгерістердің бірі 145 депутаттан тұратын бір палаталы Парламент, яғни Құрылтай құру. Оған сәйкес қолданыстағы конституцияның 9 бөлімі мен 77 бабына түзету мен өзгерту енгізілді. Жаңашылдық заңнамалық құжаттың 84 пайызын құрайды. Бұған түрткі болған халық пікірі мен елдің ұсынысы.


Конституцияға енген өзгертулер елдің бұдан әрі өркендеуі мен билік жүйесін одан сайын жетілдіруді көздейді. Заңнамалық құжат мазмұны халық тарапынан жолданған 10 мыңнан аса ұсыныс-пікір негізінде дайындалған. Демек, бұл елдің қалауы, халық мүддесі. Осы ойды алға тартқан медицина академиясының ұстаздары оқу орын студенттеріне арнап түсіндірме сабағын өткізді.


ЖАНАТ НҰРЖАНБАЕВА , ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕДИЦИНА АКАДЕМИЯСЫНЫҢ КАФЕДРА МЕҢГЕРУШІСІ
– «Әрбір Қазақстандық азамат өзіндік жауапкершілігі мен құқықтарын білу керек. Оның ішінде білім алушылар.» «Ғылымға, білімге ерекше көңіл бөле отырып ЖИ, иновацияны білім беру үдерісіне ендіру, жеке деректерге қол сұқпау туралы айтып өткілген.»


Жаңа құжат жобасы 11 бөлім, 96 баптан тұрады. Соның 30-ға жуық бабы адам құқықтары мен бостандықтарына арналған. Қазақстанның Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы және аумақтық тұтастығы баға жетпес, негізгі құндылық деп жазылған. Ал мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты - адами капитал, ғылым және инновацияны дамыту болып бекітілді. Жаңа заң жобасын студенттер де қолдайды. Айтуларынша, мұнда ел дамуының негізгі аспектілері көрсетілген.


 Заман өзгерісіне сай жаңа қағидалар да жобаға еніп отыр. Мәселен азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормасы бекітілді. Дін мен мемлекеттің рөлі айқын бөлінген. Сондай-ақ адвокаттық қызмет туралы да арнайы бап алғаш рет енгізілді. Дөңгелек үстел барысында студенттер мен оқытушылар пікір алмасып, ортақ мүдде аясындағы тұщымды ойларын ортаға салды.