«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының кезекті отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібінде Әйелдер қанатының атқарған жұмыстарының қорытындысы, алдағы кезеңге арналған жоспарлар және партияның «Әйел Аманаты» жобасы аясында әзірленген «Қарашаш ана» өңірлік жобасын таныстыру мәселелері қаралды.
Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен 100-ден астам іс-шара өткен. Мәселен, «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында 100 балаға оқу құралдары табысталып, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында түрлі мәдени-сауықтыру шаралары өткізілген. Ал 8 наурыз қарсаңында мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған 50 отбасыға әлеуметтік қолдау көрсетілген. Іс-шара барысында «Қарашаш ана» өңірлік жобасы таныстырылды. Жоба аясында үлгілі аналар мен өнегелі отбасыларды насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және отбасы институтын нығайту көзделген. Сонымен қатар аналар мен қыздарға арналған тағылымды кездесулер, семинарлар, білім беру ұйымдарында тәрбие сағаттары, киелі орындарға танымдық сапарлар ұйымдастыру, психологиялық қолдау көрсету және өмірлік дағдыларды қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүргізілетін болады.