Солтүстікке көшсеңіз, мемлекет баспанамен қамтып, қаржылай қолдау көрсетеді. Мамандыққа сай жұмыс ұсынып, бизнес бастауға да мүмкіндік береді. Ең бастысы – көшкіңіз келген өңірдің қай тұсына баратыныңыз, қала ма, әлде ауыл ма – өз еркіңізде.


Солтүстікке қоныс аударған отбасының әр мүшесіне мемлекет 302 мың теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы береді. Құны 7 млн теңгеге дейінгі баспана сатып алуға қаржы қарастырылған. Егер одан қымбат үй алғыңыз келсе, айырмасын өзіңіз төлейсіз. Сондай-ақ мемлекеттік грант жобасына қатысып, 1 млн 760 мың теңге көлемінде қаржы алуға мүмкіндік бар. Алайда бұл қаражат кәсіпкерлікке бағытталуы тиіс. Ең бастысы – өңір ауыстырған азамат жұмыссыз қалмайды.


ЕРЖАН ҚАЙЫРЖАНҰЛЫ, СҚО ТАЙЫНШЫ АУДАНЫ МАНСАП ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
 – «Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 1300-ге тарта бос жұмыс орындары бар.» «Ауыл шаруашылығына қатысты мамандар қажет. Мұғалімдер де тапшы.»


Қолда диплом болмаса, Солтүстік әкімдігі келушілерді арнайы оқытып, қалаған мамандығына бейімдей алады. Талап болса жеткілікті. Ниеттілерді мазалайтын тағы бір сауал: «Солтүстіктің қай жеріне барарымды өзім таңдай аламын ба?» Иә, қала немесе ауыл – өз таңдауыңыз.


 ЕРЖАН ҚАЙЫРЖАНҰЛЫ, СҚО ТАЙЫНШЫ АУДАНЫ МАНСАП ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
- «Біз оның дипломына қараймыз. Өзін де тыңдаймыз. Не істегісі келеді? Ауылға көшкісі келе ма? Әлде ауылда тұрғысы келе ма?»


Ветеринар мамандығы бойынша білім алып жүрген Ержан биыл оқуын аяқтайды. Содан соң солтүстікке көшіп, мемлекет ұсынған мүмкіндікті пайдаланғысы келеді. Жұмыс күші тапшы өңірде еңбек етіп, ел дамуына үлес қосуды мақсат етеді.


ЕРЖАН САПАР, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
 – «Қаржылай жағынан, үй жағынан көмектесеміз деп жатыр» «Үй беріп, мал-жан беріп көмектесеміз деп жатыр. Мұндай мүмкіндіктен айырылып қалмау керек деп ойлаймын.»


 Былтыр жұмыс күші қажет өңірлерге Шымкенттен 400 отбасы қоныс аударған. Жыл басынан бері тағы 200 отбасы көшіп үлгерді. Мүмкіндіктерді кеңінен түсіндіру мақсатында көрме орталығында өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Оған 6 облыстың өкілдері қатысып, 4 мыңнан астам вакансия ұсынды. Сонымен қатар, жергілікті 50 жұмыс беруші 2 мың тұрақты жұмыс орнын таныстырды.


БАҒДАТ АРҚАБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ЕҢБЕК МОБИЛЬДІЛІГІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
– «Білім саласы бойынша, денсаулық саласы бойынша жұмыс берушілер қатысып отыр.» «2025 жылдың бірінші тоқсанында 4,8 пайыз болған жұмыссыздық деңгейі. Қазір 4,6 пайыз. Жұмыссыздық деңгейі осы сынды бағдарламалардың арқасында түсіп, оңалып келеді.»


Айта кетейік, жұмыс күші қажет облыстарға қоныс аударған отбасы келісімшарт негізінде 5 жыл тұруы тиіс. Егер бұл шарт мерзімінен бұрын бұзылса, көрсетілген мемлекеттік көмекті толық қайтару қажет.