Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті аралау барысында нан және кондитерлік жабдық өндіруге маманданған «KazEuroTech» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Кәсіпорын өнімдерін ішкі нарыққа және ТМД елдеріне жеткізеді.
Сондай-ақ премиум санаттағы металл қақпалар шығаратын «Арт Груп» ЖК-нің өндірістік цехтарының жұмысымен де танысты. Мұнда жылына шамамен 350 дана өнім өндіріледі. 19 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұдан бөлек, шаһар басшысы кондитерлік өнімдер шығаратын «Shymqala bakery» ЖК-да болды. Кәсіпорынның жылдық өндіріс көлемі 200 тонна, 30 адам жұмыспен қамтылған. Жауапты тұлғаларға өндіріс көлемін ұлғайту және жаңа жұмыс орындарын ашу үшін мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау көрсету мүмкіндігін қарастыру тапсырылды. Қаратау ауданында бұрын өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы орналасқан ғимаратқа барды. Қазір нысан күрделі жөндеуден өтуде. Осы кезеңде мұнда қалалық №3 аурухана уақытша орналастырылған. Әкім медициналық мекеменің жұмыс жағдайын, пациенттерді қабылдауды ұйымдастыруды және инфрақұрылымын көрді. Сонымен қатар Тұран ауданындағы «Қазығұрт» 220/110/6 кВ электр қосалқы станциясында үшінші автотрансформатор орнату жұмыстары тексерілді. Құрылыс-монтаждау және іске қосу-жөндеу жұмыстарының барысы бақылауға алынды. Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтау тапсырылды. Сондай-ақ «Көгершін» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің протездік-ортопедиялық орталығының қызметі зерделенді. Мұнда жоғарғы және төменгі аяқ-қолдарға арналған протездер мен ортопедиялық бұйымдар дайындалады. Сонымен қатар есту протездеу және стоматологиялық қызметтер көрсетіледі. Аралау соңында Тәуке хан даңғылы мен Дулати көшесінің қиылысында салынып жатқан балалар және спорт алаңдарының құрылысы тексерілді. Жоба демеушілер қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Аумақта шағын футбол, волейбол және баскетбол алаңдары, сондай-ақ балалар демалысына арналған аймақтар қарастырылған. Мердігер ұйымға жұмыс сапасын сақтау, мерзімді бұзбау және аумақты абаттандыруға ерекше назар аудару тапсырылды.