23 сәуір – Ұлттық кітап күні. Рухани мереке аясында Шымкенттік кітапханашылар «Руханиятқа жол – кітаптан» атты білім апталығын өткізді. Олар оқырмандармен байланыс орнатып, «ақылына ақы сұрамайтын данышпанды» насихаттады.


Кезекті іс-шара Абай саябағында өтті. Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі ұйымдастырған жиынға оқушылар мен ұстаздар қатысты. Мамандардың айтуынша, жастар кітап оқымайды деген пікір дұрыс емес. Әдебиет пен мәдениетке деген сұраныс жылдан жылға артып келеді. Осыған байланысты кітапханалар жұмыс уақытын кешкі 20:00-ге дейін ұзартқан.


 ГҮЛЖАН САДЫҚ, ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН КӨПШІЛІК КІТАПХАНАЛАР ЖҮЙЕСІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Оқырмандардың, әсіресе жастардың кітапқа деген қызығушылығы жоғары. Кітапханаға қай уақытта келсеңіз де оқырман көп болады.


 Кітапханашылардың айтуынша, жасөспірімдер көбіне Абай шығармаларын сүйіп оқиды. Олар адамгершілік, адалдық, парасат сияқты құндылықтарды талқылап, пікір алмасады.


АДЕЛИНА ЖҰМАДІЛЛӘ, ОҚЫРМАН
Мен кітапханаға барғанды жақсы көремін. Кітапханашылар маған қызықты кітаптарды ұсынып, бағыт беріп отырады.


 АЯЛА ӘБІЛАТОВА, ОҚЫРМАН
Кітапханаға жиі барамын. Абай Құнанбаевтың шығармаларын ерекше жақсы көремін. Кітапханашылар маған әрдайым қызықты кітаптар ұсынады.


ЕРЗАТ ЖҰМАХАН, ОҚЫРМАН
Сүйіп оқитын кітаптарым – Абай еңбектері және Қазақстан тарихы оқулықтары. Кітап оқу адамды білімді етеді деп ойлаймын. Телефонға көп уақыт жұмсау зиян деп санаймын.


Іс-шара аясында өнерлі жастар ән айтып, би билеп, оқыған кітаптары туралы пікір алмасты.