Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «UBC Group» компаниясының құрылтайшысы Игорь Бурдыленкомен кездесу өткізді. Басқосуда өңірде жүзеге асқан инвестициялық жобалардың қазіргі жағдайы мен оларды одан әрі дамыту жолдары жан-жақты талқыланды.
Келіссөз барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан облысының өндірістік әлеуетін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және экспорт көлемін ұлғайту мәселелеріне ерекше назар аударды. Әсіресе, «UBC Group» компаниясының қатысуымен іске асқан жобалардың тиімділігін күшейту және оларды кеңейту мүмкіндіктері сөз болды. Игорь Бурдыленко компанияның Орталық Азия нарығын тоңазытқышпен қамтып, отандық өндіріс көлемін ұлғайтуға ниетті екенін жеткізді. Кәсіпорынды кеңейту және жаңа жұмыс орындарын ашу жұмыстары жанданады. Осы ретте, «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» тоңазытқыш шығару зауытының екінші кезеңі іске асу сатысына өтуде. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 1,2 млрд теңгені құрайды және өндірістік әлеуетті айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді. Жоба аясында жалпы ауданы 1900 шаршы метр болатын жаңа өндірістік ғимарат салу көзделген. Аталған инфрақұрылым заманауи талаптарға сай жабдықталып, өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталады. Сонымен қатар, кәсіпорында қосымша 50 жаңа жұмыс орны ашылып, өңір тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Өндіріс орнының жылдық қуаттылығы 50 мың дана тоңазытқыш шығаруға жетеді деп жоспарлануда. Бұл көрсеткіш кәсіпорынның ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетін де арттырады. Бұдан бөлек, жоба аясында екі қосалқы өндіріс орнын іске қосу қарастырылған. Бұл өндірістік тізбекті толықтырып, қосымша құнды арттыруға ықпал етеді.