Шымкент қаласындағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасында бітіруші сынып оқушылары үшін ашық есік күні өтті.
Бақылау-өткізу пунктінен өтіп, қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулық алғаннан кейін оқушылар саптық алаңға жиналды. Олардың алдында күзгі шақырылым сарбаздары қарумен және қарусыз орындалатын қоян-қолтық ұрыс элементтерін көрсетті. Сапар барысында қонақтар әскери қызметшілердің күнделікті тыныс-тіршілігімен танысты. Іс-шара бағдарламасы әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріндегі қызметтің негізгі бағыттарын қамтыды. Оқушыларға бақылау-өткізу пункті, саптық алаң, казарма бөлмелері мен оқу сыныптары көрсетіліп, әскери қызметті атқару тәртібі мен ішкі талаптар түсіндірілді. Бұл күні қатардағы жауынгерлер төсек жинау тәртібін көрсетіп, жеке заттарды орналастыру ерекшеліктерін түсіндірді. Оқушылардың ерекше назарын тумбочкалардағы сарбаздардың туыстары мен жақындарының суреттері қойылған фоторамкалар аударды. Рамазанның айтуынша, әрбір сарбаз үшін таңертең оянғанда жақындарының бейнесін көру – үлкен қолдау. Сондай-ақ оқушыларға әскери техника паркі көрсетілді. Онда олар техника үлгілерін көріп қана қоймай, әскери техниканың ішінде отырып, сарбаздардың қызметін өздері де сезініп көрді.