Елімізде музыкалық колледж студенттері арасында байқау басталды. 47-республикалық орындаушылар сайысы Шымкенттегі «Саз» колледжінде «Фортепиано», «Музыка теориясы», «Акустикалық гитара» номинациялары бойынша өтіп жатыр. Жалпы сайыс қанша номинация бойынша, еліміздің қай өңірлерінде өтуде? Әріптесім біліп қайтты.
Артем Болотов – Өскемен қаласындағы музыкалық колледждің студенті. Ол сайысқа акустикалық гитара номинациясы бойынша қатысуда. Бұған дейін де талай байқауларда нәтижелі өнер көрсеткен студент бұл жолы да бас жүлдені жеңіп алуды көздеп отыр.
АРТЕМ БОЛОТОВ, САЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ /ӨСКЕМЕН ҚАЛАСЫ
Мен Өскемен қаласынан келдім. Қаламыздағы музыкалық колледждің 3-курс студентімін. Бұл сайысқа екі адам қатысып отырмыз. Байқауға жыл басынан бері дайындалдым. Бұған дейін Көкшетау қаласында өткен байқауға қатысып, тәжірибемді шыңдадым. Шымкенттегі «Саз» колледжінде классикалық гитара номинациясы бойынша өнер көрсетемін. Жеңіп шығатыныма сенімдімін.
«Саз» колледжіндегі сайыс 3 номинация бойынша ұйымдастырылса, 30-ға жуық студент өзге өңірлердегі музыкалық колледждерде өтіп жатқан байқауда бақ сынауға аттанған.
ДИНАРА ИСХАКОВА, «САЗ» КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
20–24 сәуір аралығында дәстүрлі республикалық жас орындаушылар конкурсы өтуде. 3 номинация бойынша Қазақстанның әртүрлі қалаларынан 28 қатысушы қатысуда. Бұл конкурс дарынды жастарды анықтауға үлкен мүмкіндік береді. Төрт күн ішінде екі турдан тұратын байқаумен қатар шеберлік сыныптары мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып отыр. Қорытындысы 23 сәуірде өтетін жабылу салтанатында шығарылады.
47-республикалық орындаушылар байқауының ашылу салтанаты онлайн форматта өтті. Іс-шараны еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті және Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті ұйымдастырды.
АЙГҮЛ РҮСТЕМОВА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Біздің оқушылар 7 мамандық бойынша қатысуда. Сонымен қатар 30-ға жуық оқушы өзге өңірлерге барып, конкурсқа қатысып жатыр. Байқаудың ашылуы онлайн өтті, ал негізгі кезеңдер әр қалада жалғасады.
Байқаудың тағы бір ерекшелігі – лауреаттарға жоғары оқу орындарына түсу кезінде білім гранттарын алуға басымдық беріледі. Бұл жас музыканттардың кәсіби қалыптасуындағы маңызды кезеңдердің бірі саналады.