Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Онда телекоммуникация инфрақұрылымын дамыту және балаларға арналған қосымша білім беруді ұйымдастыру мәселелері қаралды.


 Қазір мегаполисте телекоммуникациялық инфрақұрылымды жүйелі дамыту жалғасуда. Қалада 1 771 базалық станция жұмыс істейді. Соңғы үш жылда 328 жаңа нысан іске қосылып, 389 станция 5G стандартына көшірілді. Нәтижесінде байланыс сапасы төмен аймақтар саны 147-ден 8-ге дейін қысқарды. Сонымен қатар, кең жолақты интернетті кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін қала тұрғындарының барлығы кең жолақты интернетке қосылудың техникалық мүмкіндігіне ие болады. Бұған қоса, қоғамдық орындарда тегін Wi-Fi желісі дамып келеді. Шымкентте 273 мың оқушының 115 мыңы қосымша біліммен қамтылған. Сабақтар 646 үйірмеде өтеді. 2025 жылғы 1 шілдеден бастап қалада ваучерлік қаржыландыру негізінде бірыңғай мемлекеттік тапсырыстың пилоттық жобасы іске асырылуда. Бұл жүйе ашықтықты арттырып, ата-аналарға үйірмелерді еркін таңдауға мүмкіндік берді. Жоба аясында 28 мың бала қосымша біліммен қамтылды. Сонымен қатар, сабаққа қатыспаған немесе қайта тіркелген 16 мыңнан астам бала жүйеден шығарылып, нәтижесінде 2 млрд теңгеге жуық қаржы үнемделді. Қамтуды кеңейту мақсатында 84 мектепте үйірмелер мен секцияларды жүргізу үшін педагогтарды қосымша қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылуда. Нәтижесінде шамамен 50 мың баланы қамтып, жалпы көрсеткішті 60%-дан жоғары деңгейге жеткізуге мүмкіндік туады. Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі балаларды қосымша біліммен қамтуды арттыру, қоғамдық Wi-Fi желісін дамыту, сондай-ақ қоғамдық орындарда дабыл беру және полиция қызметкерлерін жедел шақыру үшін «SOS» батырмаларын орнату жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.