Сайрам ауданы, Молыбай Оразалиев ауылында «Шаңырақ шаттығы-2026» фестивалі өтті. Іс-шара 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі аясында ұйымдастырылды. Жиынға Ассамблея өкілдері мен ел ағалары қатысты. Мерекелік кеште татулықты ту еткен және өңірдің дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталды.


Мерекелік кеш Молыбай Оразалиев ауылындағы демалыс аймағында ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдық келісімді нығайту, этносаралық татулықты дәріптеу және отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттау.


Фестивальде ұлттық құндылықтарды насихаттауға үлес қосып жүрген Рахым Үсентаевтар отбасы марапатталды. Олар «Алтын шаңырақ отбасы» номинациясының иегері атанды.


 ЖАНАТ БАЛҒЫМБАЕВА, «АЛТЫН ШАҢЫРАҚ ОТБАСЫ» НОМИНАЦИЯСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ
Бүгінгі іс-шара жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз. Бұл мереке біздің отбасымыз үшін де ерекше. Біз бірге өмір сүріп келе жатқанымызға 50 жыл болды. Осындай құрметке ие болғанымызға қуаныштымыз. Қазақтың қолөнерін жалғастырып, жастарға үйретіп жүрміз.


 Мерекелік кешке қатысушылар ел ішіндегі бірлік пен татулықтың маңызын атап өтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы келісім мен ынтымақты нығайтудағы рөлін жоғары бағалады. Іс-шараны «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігі ұйымдастырды.


ГАУХАР ТӨЛЕПОВА, «ЫНТЫМАҚ» ЭТНОСАРАЛЫҚ МӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ
 Бұл – жыл сайын өтетін дәстүрлі іс-шара. Негізгі мақсатымыз – отбасылық құндылықтарды дәріптеу және ұрпақ тәрбиесіне мән беру. Жыл сайын әртүрлі тақырыпта өткізіледі: жас отбасылар, аналар, ұлттық киімдер, жас шеберлер. Бұл жоба жыл сайын дамып келеді.


Іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Этномәдени бірлестік өкілдері ән айтып, би биледі. Қонақтарға ақ дастархан жайылып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.