Жақын болашақта Қазақстан кітапханалары 24/7 форматында жұмыс істейді. Бұл азаматтарға жұмыстан кейін де кітапханаға барып, білім алуға мүмкіндік береді. Жаңа жүйені Пушкин кітапханасы бастап кетті. Олар аптаның дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері 22:00-ге дейін оқырмандарға қызмет көрсетеді.
Қалалық «Руханиятқа жол – кітаптан» апталығы аясында «Кітапхана түні» ағартушылық іс-шарасы өтті. Басты мақсат – жұмысбасты азаматтарды қызметтен тыс уақытта кітапханаға тарту және білім мен кітап оқу мәдениетін насихаттау. Кеш барысында әдеби квест және шығармашылық-танымдық ойындар ұйымдастырылды.
СҮНДЕТ СЕЙІТОВ, КІТАПХАНА ҚЫЗМЕТКЕРІ
Бұрын таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін қызмет көрсетсек, енді болашақта 24 сағаттық жұмыс форматына көшу жоспарлануда. Қазірдің өзінде осы жүйеге кезең-кезеңімен көшіп келеміз. Кейбір күндері кешкі 22:00-ге дейін жұмыс істейміз.
Бұл күні аға буын өкілдері жас оқырмандарға кітап оқудың маңызы туралы айтып, тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылар өзара пікір алмасып, жаңа әдебиеттермен танысты. Мамандардың айтуынша, жастар кітап оқымайды деген пікір дұрыс емес – әдебиетке қызығушылық артып келеді.
ЖАНСЕРІК ЖҰМАН, ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ КММ ДИРЕКТОРЫ
Қазір Қазақстанда баспалар саны артып келеді. Соған сәйкес қазақ тіліндегі кітап оқитын аудитория да өсуде. Бұрынғы мың данамен шығатын кітаптар қазір 5–10 мың тиражбен басылуда. Жастар арасында кітап сыйлау мәдениеті де қалыптасып келеді.
Түнгі кітапхана жобасы тек бір іс-шарамен шектелмеді. Көрме залында әдеби квест өтіп, оқырмандар бөлімінде шығармаларды талқылау ұйымдастырылды. Қатысушылар Алма Қыраубаеваның педагогтерге арналған еңбегін талқылап, мазмұнына терең үңілді.
Айта кетейік, Ұлттық кітап күні қарсаңында ұйымдастырылатын іс-шаралар мұнымен шектелмейді. Қалалық кітапханалар оқырмандарға арналған түрлі білім беру жобаларын жалғастыруды жоспарлап отыр.