«25 теңге» фильмінің түсірілімі басталды. Алғашқы бөлімі 2009 жылы КВН жұлдыздарының қатысуымен түсірілген кинотуынды бұл жолы экшн-комедия жанрында болмақ. Фильм осы жылдың күзінде «25 теңге: Басты миссия» атауымен көрерменге жол тартады.


 Араға 17 жыл салып «25 теңге» фильмінің үшінші бөлімінің түсірілімі басталды. Newken Cinema бастаған түсірілім тобы мен актерлер қалыптасқан дәстүрге сай фильм атауы жазылған тәрелкені сындырып, жобаның бас продюсері қатысушыларға сәттілік тіледі.


НҮРКЕН ИМАНҚҰЛОВ, ФИЛЬМНІҢ БАС ПРОДЮСЕРІ
Бұл фильмде біз достық құндылығын көрсеткіміз келді. «Теңге» ұғымы арқылы жеріміздің байлығын, оның ішінде жер асты қазынасын да меңзейміз. Ата-бабаларымыздан аманат болған құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізу – фильмнің негізгі идеясы.


Фильмнің үшінші бөлімін түсіру біраз уақыттан бері жоспарда болған. Жоба авторы Шапағат Орынбаевтың айтуынша, сценарийдің төрт нұсқасы жазылған. Фильм желісі алғашқы бөлімнен алшақтамайды.


ШАПАҒАТ ОРЫНБАЕВ, СЦЕНАРИСТ
 Бұл – «25 теңге» фильмінің үшінші бөлімі. Алғашқысы «25 теңге», екіншісі «25 теңге. Кастинг» болса, үшінші бөлім «Басты миссия» деп аталады. КСМ: Түсірілім жұмыстары шамамен бір жарым айға созылады. Жобаға Моңғолия мен Қырғызстаннан әртістер, ал Өзбекстаннан кәсіби каскадерлер қатысуда.


ҚАЙРАТ ТҮНТЕКОВ, ӘНШІ
Бұл ауқымды жоба болады деп ойлаймын. Себебі үлкен күш жұмсалып жатыр. Каскадерлер де қатысуда. Көрерменге қызық болатынына сенімдімін.


Фильмнің үшінші бөлімінде жаңа актерлер де бой көрсетеді. Жоба экшн-комедия жанрында түсірілуде.


 ЕРМЕК ШЫНБОЛАТОВ, АКТЕР
Бұл – көпшілікке таныс, ерекше жоба. Шыққан кезде біз әлі бала едік. Ұсыныс түскенде бірден келістім. Біз үшін бұл – ностальгияға толы жұмыс.


Жобаның бас продюсері Нүркен Иманқұлов фильмнің толықтай Шымкент қаласында түсірілетінін айтты. Кинотуынды мегаполистің көрікті жерлерінде таспаланады. «25 теңге: Басты миссия» фильмі осы жылдың 25 қыркүйегінде көрерменге жол тартады.