Шымкентте алғаш рет үлкен теннистен Challenger 50 турнирі өтіп жатыр. Халықаралық додаға әлемнің 25 елінен 250-ге жуық үздік теннисші келген. Беделді байқауға ұлттық құраманың 10-ға жуық мүшесі қатысады. Олар барын салып, қарсыластарын жеңуге тырысады. Өйткені жарыс қорытындысы әлемдік теннис рейтингiне әсер етеді.

Бәсі жоғары байқаудың Шымкентте өтуі тегін емес. Мұнда халықаралық стандарттарға сай келетін 4 ашық корт бар. Бұл нысан жаһандық жарыстар өткізуге толық қауқарлы. Сондықтан да турнирдің деңгейі жоғары.


 МЕДЕТ БАЙКЕН, ҚАЗАҚСТАН ТЕННИС ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ
Бұл жарыста жеңіске жеткен әр спортшыға 50 ATP ұпайы беріледі. Турнирге 25 елден спортшылар қатысып жатыр, олардың қатарында әлемдік деңгейдегі үздіктер де бар. Отандық спортшылар да жақсы нәтиже көрсетеді деп сенеміз.

ДАНИЯР МЫҢБАЕВ, VI ОЛИМПИАДАЛЫҚ РЕЗЕРВ СПОРТ МЕКТЕБІ ТЕННИС БӨЛІМІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Бүгін басталған жарыс 27-сі күні аяқталады. Одан кейін 28-і күні тағы бір турнир басталады. Бұл додаға ұлттық құраманың 3 спортшысы қатысуда, ал келесі жарысқа тағы 5 спортшы қатысады деп жоспарланған.

 Жеті күнге созылатын жарыстың спортшылар үшін маңызы зор. Сондықтан теннисшілер халықаралық додаға мұқият дайындалған. Отандық спортшылар жарысты жоғары қарқынмен бастады.

 ДАМИР ЖАЛҒАСБАЙ, СПОРТШЫ
Бұл – үлкен тәжірибе. Турнирдің беделі жоғары екенін жақсы білемін. Сол себепті алдын ала ұзақ дайындалып, қарсыластарымды зерттедім. Жарыста барымды салып, ел абыройын қорғауға тырысамын.

Мамандардың айтуынша, қазақстандық спортшылардың дайындығы жоғары. Егер сәттілік серік болса, олар әлемдік рейтингте бірнеше саты жоғарылай алады.