Түркістан қаласындағы №5574 әскери бөлімінің базасында жалпы білім беретін мектептердің 10-сынып оқушыларына арналған далалық оқу-жиынының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Ашылу салтанатына Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, Түркістан қаласы және Сауран ауданының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқарма бастығы, полковник Дилмурад Абдурашитұлы, сондай-ақ ардагерлер ұйымдарының өкілдері қатысып, оқушыларға жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Жиында сөз сөйлегендер Отанға адал қызмет етудің маңыздылығын атап өтіп, жастарды патриоттыққа, тәртіпке және жауапкершілікке шақырды. Іс-шара барысында патриоттық әндер орындалып, әскери оркестрдің сүйемелдеуімен мәдени бағдарлама ұйымдастырылды.
№5574 әскери бөлімінің жауынгерлері оқушыларға қоян-қолтық ұрыс тәсілдерінен көріністер көрсетіп, әскери дайындықтың элементтерімен таныстырды. Іс-шара аясында әскери техника мен қару-жарақ көрмесі ұйымдастырылып, оқушылар заманауи әскери құрал-жабдықтармен танысты.