AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы аясында семинар өтті. Іс-шараның басты мақсаты – азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, қарыз жүктемесін азайту және қаржылық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.


Семинар барысында тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар, интернет алаяқтықтың алдын алу және киберқауіпсіздік ережелері кеңінен талқыланды. Қатысушыларға жеке қаржыны тиімді басқару, несиелік міндеттемелерді жоспарлау және қаржылық тәуекелдердің алдын алу бойынша нақты кеңестер берілді.


 ЕРБОЛ БАЙҚОНЫСОВ, AMANAT ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 Отбасы банк арқылы көпбалалы аналарды баспанамен қамту мәселесі қарастырылуда. Кешіктірілген несиеден қалай құтылуға болатыны жөнінде кеңес берілуде.


Жоба аясында өткен жылы Шымкент қаласында 11 мың адамды қаржылық сауаттылыққа оқыту жоспарланған болатын. Нәтижесінде жоспар артығымен орындалып, 12 593 тұрғын оқудан өтті. Ал биыл D және E санатындағы азаматтарды қамти отырып, 22 200 адамды оқыту көзделіп отыр. Сонымен қатар 90 күннен астам мерзімі өткен несиелері бар азаматтарға тегін заңгерлік көмек көрсетілуде.


 АҚБОТА ТҰРАРОВА, «ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ЖОБАСЫНЫҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДАҒЫ КООРДИНАТОРЫ
 Біз қазір 90 күннен астам кешіктірілген несиесі бар азаматтарға тегін кеңес беріп отырмыз. Яғни өзін банкрот деп жариялау, банк шоттарын ашу бойынша көмек көрсетеміз.


Айта кету керек, «Қарызсыз қоғам» – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға және қарыз жүктемесін азайтуға бағытталған республикалық әлеуметтік жоба. Бастама AMANAT партиясының қолдауымен мемлекеттік органдар және қаржы институттарымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – азаматтарға жеке қаржыны басқаруды, несиелік міндеттемелерді түсінуді және күрделі қарыз жағдайынан шығудың заңды тетіктерін үйрету.