«Өрлеу» біліктілікті арттыру институты колледж басшыларына арнап «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын басқарудың тиімді жолдары» атты стратегиялық сессия өткізді. Онда директорлар мен әдістемелік орынбасарлар тәжірибе алмасып, өзара пікір бөлісті.
Қатысушылар дөңгелек үстел басында өзекті мәселелерді талқылады. Негізгі тақырып – білім беру жүйесін жетілдіру, студенттермен байланысты нығайту және әдістемелік құралдарды дамыту. Сессияға қала колледждерінің 80-ге жуық өкілі қатысты.
ЖАРҚЫНАЙ АРЫСБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНА ҚАРАСТЫ ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҚТЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
– «Сессияның мақсаты техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын басқарудың тиімді стратегияларын айқындау арқылы білім беру сапасын арттыруға, басқару жүйесін жетілдіруге және еңбек нарығына бейімделген білікті мамандар даярлауды күшейтуге бағытталған нақты ұсынастарды әзірлеу.»
Сессия барысында білім беру ұйымдарының жетекшілері пікір алмасып, ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар оқу бағдарламасына заманауи әдіс-тәсілдерді енгізу, цифрландыру және инновациялық технологияларды қолдану мәселелері де сөз болды.
ЛАУРА УСИПБЕКОВА, ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ М.А
– «Іс-шара барысында көтерілген өзекті мәселелер, тиімді ұсыныстарды колледж басқаруда пайдалануға болады деп ойлаймыз.»
Ұйымдастырушылардың айтуынша, сессияда айтылған ұсыныс-пікірлер мен талап-тілектер назардан тыс қалмайды. Барлық идеялар білім басқармасына жолданып, қарауға ұсынылады.