Түркістан қаласында «Ерлік пен бірлік – заң мен тәртіптің тірегі» атты кең ауқымды акция аясында «Таза Қазақстан» аллеясының ашылу салтанаты өтті. Игі бастама Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйытқы болуымен және облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Акцияға зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының басшылары, депутаттар, қоғам белсенділері және белсенді жастар қатысты.
Аталған акция 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мен Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналды. Басты мақсат – тарихи жадты сақтау, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, сондай-ақ экологиялық мәдениет пен қоғамдық құндылықтарды дәріптеу.
Жиында бас қосқандар бұл аллея тек көгалдандыру шарасы ғана емес, өткенге тағзым мен болашаққа бағдар екенін атап өтті. Сондай-ақ заң мен тәртіп үстемдігі – әділетті қоғамның басты тірегі екенін жеткізді. Сонымен бірге елге еңбегі сіңіп жүрген бірнеше азамат марапатталды.
Іс-шара барысында «Таза Қазақстан» аллеясына қазақ халқының көрнекті батырлары мен тарихи тұлғалары дүниеге келген өңірлерден арнайы жеткізілген көшеттер отырғызылды. Әрбір ағашқа олардың есімдері символдық түрде беріліп, бұл бастама тарихи мұраны ұлықтау мен экологиялық жауапкершілікті ұштастырған ерекше жобаға айналды.