ІІМ-нің аумақтық бөлімшелері автомектептердің қызметін тексерді. Polisia.kz порталының хабарлауынша, елімізде 727 автомектеп жүргізушілерді даярлайды. Тексеру барысында автодромдарда жол белгілері, жол таңбалары мен жарықтандырудың жеткіліксіз екені, сондай-ақ кейбір көлік құралдарында ақау бары анықталды.


 Анықталған кемшіліктерді жою үшін 20 ұйғарым берілді. Сонымен қатар жүргізушілерді даярлау үшін міндетті техникалық тексеруден өтпеген және сақтандыру полисі жоқ автокөліктерді пайдаланған 59 оқу ұйымы анықталды. Нәтижесінде әкімшілік полиция комитеті автомектептердің 701 оқу тобының қызметін тоқтатты.


 АҚТОТЫ БОРАНОВА, ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ЕРЕКШЕ ТАПСЫРМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ИНСПЕКТОРЫ
 – «Автомектептердің есебін жүргізу және оқу топтарын тіркеу "Автомектеп" ақпараттық жүйесімен жүзеге асырылады. "Автомектеп" АЖ көмегімен онлайн режимінде берілген куәліктің заңдылығын, сағаттық оқу бағдарламасын, оқу автокөлігін есепке алуды тексеруге болады. Сонымен қатар оқу ұйымдарының қызметіне бақылауды одан әрі күшейту мақсатында автомектептерді ашудың хабарлама тәртібінен рұқсат беру тәртібіне көшуді, сондай-ақ олардың қызметіне мемлекеттік бақылау тетіктерін енгізуді көздейтін "Жол жүрісі туралы" заңға өзгеріс енгізу жөнінде заң жобасы әзірленді. Қазіргі уақытта заң жобасы Парламент Мәжілісінде қаралуда.»