Түркістан қаласында «Елдесу мәдениеті: шиеленістен келісімге» тақырыбындағы үш күндік семинар басталды. Іс-шараның басты мақсаты - қоғамдағы дауларды бейбіт жолмен шешу мәдениетін қалыптастыру, медиация институтының маңызын арттыру және этносаралық келісімді нығайту.
Семинар жұмысына құқық қорғау органдарының қызметкерлері, атап айтқанда ҰҚК, прокуратура және полиция өкілдері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың мамандары қатысуда. Жалпы, алғашқы күні 100-ге жуық қатысушы қамтылды. Алғашқы күннің бағдарламасы аясында қатысушылар екі секцияға бөлініп, мазмұнды дәрістер тыңдады. Семинар барысында медиацияның құқықтық құрал ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы бірлік пен өзара түсіністікті сақтаудың тиімді тетігі екені кеңінен айтылды. Алдағы күндері жергілікті атқарушы орган өкілдері, ауыл әкімдері және ішкі саясат саласының мамандары қатысып, тәжірибе алмасу жұмыстары жалғасады.