Шымкент қаласында «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Кітап оқитын мектеп» бағыты бойынша финалдық кезең өтті. Аталған іс-шара оқушылар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Сондай-ақ олардың зияткерлік әлеуетін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Мегаполисте «Кітап оқитын мектеп» бағытының финалдық кезеңі өтіп жатыр. Бұл бағыт бойынша кеше 6–7-сынып оқушылары арасында сайыс өткен болатын. Бүгін 8, 9, 10-сынып оқушылары бақ сынауда. Әр ауданнан жүзден жүйрік шыққан оқырмандар кіл мықтыны анықтауда. Бәйгені саралау қазылар алқасына үлкен жауапкершілік жүктеп отыр.
БАҚЫТБЕК ЖАҚЫП, «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» ЖОБАСЫНЫҢ АЙМАҚТЫҚ ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ
Сайыс қызу жүріп жатыр. Тең түскен сәттер де болды. Қатысушылар арасындағы бәсекелестік жастардың кітапқа деген сүйіспеншілігін айқын көрсетіп отыр.
ЛӘЙЛА БЕКБОСЫНОВА, «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» ЖОБАСЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Адалдық алаңы сақталып, мүмкіндігінше әділ баға беруге тырысып жатырмыз. Қатысушылардың еңбегі әділ бағалануда.
Ақтық кезеңге шыққан оқушылар – ойы терең, сөзге шешен шәкірттер. Солардың бірі – Мұхит Жұбаныш. Талантты шәкірт жобаға қатысу арқылы үлкен тәжірибе жинап отыр.
МҰХИТ ЖҰБАНЫШ, №52 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ОҚУШЫСЫ
Менің ойымша, бұл керемет байқау. Себебі осы жоба арқылы рухани тұрғыдан жаңғырдым. 15 кітаптың арқасында көптеген мағлұмат алдым, шешендік өнерімді дамыттым, бұрын білмеген сөздерімді үйрендім. Соның ішінде өзіме ұнаған тұстары көп.
Игі жобаны Шымкент қаласы әкімдігі қолдап, «AMANAT» партиясы мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры бірлесіп жүзеге асыруда. Жобаға мектеп оқушылары, студенттер, педагогтар, отбасы мүшелерінен құралған топтар және мемлекеттік қызметшілер қатысуда. Әрбір қатысушы 6 ай ішінде 15 кітап оқуы тиіс. Ең белсенді оқырмандарға ақшалай сыйлықтар, сертификаттар және медальдар табысталады.