Шымкентте Құрлық әскерлерінің құрылған күні ерекше атап өтілді. Осы күнге орай қалада орналасқан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 35748 әскери бөлімінің жеке құрамы 10 шақырымға жаппай жүгіру өткізді. Спорттық іс-шара әскери қызметшілердің дене дайындығын шыңдауға және ұжымдық бірлікті арттыруға бағытталды.
Жүгіру басталар алдында әскери бөлім командирі, подполковник Сергей Бибулатов жеке құрамға белсенділігі үшін алғыс айтып, ортақ іске қосқан үлестері үшін ризашылығын білдірді. Жүгіру барысында әскери қызметшілер жоғары төзімділік пен тәртіптілік танытып, ортақ мақсат жолында ұйымшылдықпен қимылдады. Қатысушылар үшін бұл тек спорттық жарыс емес, жауынгерлік рухты нығайтатын маңызды шара болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жүгірулер салауатты өмір салтын насихаттап, дене дайындығын күшейтіп, ұжымдағы өзара қолдау мен сенімді арттыра түседі. Ортақ мақсат жолында біріге білген жауынгерлер берік командалық рух пен жоғары жауапкершілікті көрсетті. Құрлық әскерлері еліміздің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғауда маңызды рөл атқарады. Мұндай іс-шаралар әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындығын арттырып қана қоймай, олардың рухани әрі физикалық тұрғыдан шыңдалуына ықпал етеді.