Қалада «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы дәстүрге айналған. «AMANAT» партиясы мүшелері қолға алған жоба жалғасын табуда. Бұл жолы Абай саябағындағы «Даңқ» мемориалы маңында тазалық шарасы өтті. Акцияға 300-ге жуық адам жұмылып, шөп шауып, аумақты сыпырып, ретке келтірді.


Көктем мезгілінде көгалды біркелкі қырқу, ағаштарды ретке келтіру мәселесі өзекті. «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалының өкілдері бұл тазалық жұмыстарына белсене атсалысуда.


 ЕРБОЛ БАЙҚОНЫСОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Мемлекет басшысының бастамасымен экологиялық акция жалғасуда. Соның негізінде көшбасшы партия «Таза бейсенбі» акциясын тұрақты түрде өткізіп келеді. Бұл акцияның басты мақсаты – қала тұрғындары мен қонақтарын тазалыққа шақыру. Сол себепті өзіміз де атсалысып жатырмыз.


 Тазалық жұмыстарына коммуналдық қызмет мекемелерінің жұмысшылары да сүбелі үлес қосты. Бастаманы ерікті жастар қолдап, игі істі жалғастырды. Жеңіс күні қарсаңында ардагерлердің есімі жазылған тақтайшалар мен ескерткіштер мұнтаздай тазартылуда.


АБАЙ СЫРЛЫБАЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ «ЖАСТАР РУХЫ» ЖАСТАР ҚАНАТЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Белсенді жастарымыз Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындары мен колледж студенттері әр апта сайын бейсенбі күндері тазалық жұмыстарына атсалысып келеді. Біздің жастар қоршаған ортаға өз үлесін қосып жүр. «Таза бейсенбіге» белсенді түрде қатысып келеміз.


Жыл басынан бері «AMANAT» партиясы қолға алған «Таза бейсенбі» жобасы 12 рет ұйымдастырылды. Нәтижесінде 11 тонна қоқыс жиналып, аумақ тазартылды. Айта кетейік, жоба 2024 жылдың сәуір айынан бері тұрақты түрде жалғасып келеді.